Оған 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды
Қызылорда облысында қаржы пирамидасын құрған тұлға 5 жылға сотталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, Қызылорда қаласында азаматша кооперативтік филиал ашу арқылы интернет желісінде ешқандай пайызсыз үй және автокөлік алуды жарнамалап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, салымшыларды өзіне ақшалай салым жасауға шақырған.
"Оның қылмыстық әрекетінің салдарынан Қызылорда қаласының 11 тұрғынына 15 млн теңге көлемінде мүліктік зиян келсе, 3 жәбірленуші 2 автокөлігінен және 1 жер телімінен айырылған", - делінген прокуратура хабарламасында.
Қызылорда қаласының №2 сотының үкімімен азаматша Шагирова Гулсая Қазақстан Республикасы ҚК-нің 217-бабы 3-бөлігінің 2)-тармағымен кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленіп, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
"Өз кезегінде, қастандық ойлаушылардың тұзағына түсіп қалмау үшін қаржылық пирамиданың басты белгілерін білген дұрыс.
Аса жоғары пайыз, күн сайынғы кіріс және әр ертіп келген адам үшін бонус ұсынса, сеніп қалмаңыз, бұл нағыз қаржылық пирамиданың белгісі.
Бүгінгі таңда қаржылық пирамида құрушылар танымал блогерлер мен жұлдыздарға жарнама жасатып өз қылмыстық әрекеттерін тоқтатпай отыр", - деп прокуратура азаматтарды сақ болуға шақырады.
Оқи отырыңыз: СҚО-да аудан әкімінің орынбасары пара алғаны үшін сотталды