Кінәлі тұлғалар тәртіптік жауаптылыққа тартылды
Облыс прокуратурасы жетім жəне ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету заңдылығына талдау жүргізді. Нәтижесінде тұрғын үйді табыстау және кезектілікке қою барысында балалардың құқықтарының бұзылғандығы анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv Қызылорда облысының прокуратурасына сілтеме жасап.
«Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 71-бабына сәйкес жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың заңды өкілдері үш ай ішінде баланы тұрғын үй алу үшін жергілікті атқарушы органда есепке қоюға міндетті.
Алайда ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 102 бала тұрғын үй кезігіне 3 айдан кешігіп қойылса, 15-і мүлдем қойылмағаны белгілі болды.
Сонымен қатар комиссиямен оң шешім қабылданғанына қарамастан 37 баламен тұрғын үйді жалдау шарты жасалмаған.
Прокурорлық қадағалау актісінің негізінде 41 жетім жəне ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тұрғын үймен қамтамасыз етілді және барлығы кезектілікке қойылды.
Кінәлі тұлғалар тәртіптік жауаптылыққа тартылды.
Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау мәселелері ерекше бақылауда.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда қанша шетелдік студент оқиды