Қызылорда облысындағы Абай елдімекені көгілдір отынға қосылды

21.10.2024 15:34

Республика күні қарсаңында Әйтеке би кентінде спорт кешені ашылды

Қызылорда облысында тағы бір елдімекен көгілдір отынның игілігін көреді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Абай елдімекенін газбен қамту былтыр басталған. Жыл бойы атқарылған жұмыс аяқталып, ауыл табиғи газды тұтынуға біржолата көшті. Нақтырақ айтсақ, мыңға жуық тұрғын мен ауылдағы әлеуметтік нысандар көгілдір отынның игілігін көреді. Алғашқылардың бірі болып үйіне газ кіргізген Венера Қарсақбай да ел қуанышының еселенгеніне дән риза.

"Отын жақтық. Қиындықтан құтылып, жеңілдеп жатыр", – деді Абай ауылының тұрғыны Венера Қарсақбай.

Айта кетейік, Қазалы ауданында Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би мен Майдакөл, Түктібаев сында ауылдарда магистральды газ құбырын тарту жұмыстары басталған.

"Ақтан батыр ауылында 371 млн теңгеге газ тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоба құны - 3,8 млрд теңге. Жеңімпаз мекеме анықталды. Биыл 1,5 млрд теңге бөлінді, – деді Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаев.

Республика күні қарсаңында Қызылорда облысына қарасты Әйтеке би кентінде заманауи талаптарға сай жабдықталған спорт кешені ашылды. Нысан құрылысын жеке кәсіпкер қаржысы есебінен жүргізген. Спорт кешенінде футбол, волейбол, баскетбол, гандбол алаңы және күрес, жаттығу залы бар.

"Жастардың сұранысы бойынша соңғы стандартқа сай салдық. Құрылыс жұмысына 400 млн теңге жұмсалды", – деді жеке кәсіпкер Нұртай Аманов.

"Мектепте зал кішкентай болғандықтан жаттығу ыңғайсыз болатын. Қызылорда облысы Жалаңтөс Баһадүр атындағы спорт интернатында оқимын. «Қайсар» командасында ойнаймын. Жақында бірінші орын алып келдік", – деді гандболшы Бану Көпжан. 

Айта кетейік, Қазалыда абанттандыру жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласы аралығындағы автомобиль жолы төрт жолақты болып қайта жаңғыртылды. Сондай-ақ ауданда 120 отбасы баспаналы болды.

Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, Қызылорда облысы

Оқи отырыңыз: Алматыдағы «Жарқын күз» науқаны аясында урналарды жинау үшін арнайы экипаждар бөлінді