Заңсыз айналымнан барлығы 1,5 тоннадан астам есірткі алынды
Қызылордада полицейлер жыл басынан бері заңсыз айналымнан 1,5 тоннадан астам есірткі заттарын тәркіледі, – деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Облыстық Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы 2025 жылдың басынан бері 237 құқық бұзушылықты анықтаған. Оның ішінде 66 дерек – есірткі өсіру, 22 дерек – есірткі өткізу, 5 дерек – есірткіні жарнамалау, 1 дерек – аса ірі мөлшерде сақтау және 1 дерек – есірткіні тұтынуға көндіру фактілері тіркелген. Ал 142 іс теріс қылық ретінде рәсімделген.
Заңсыз айналымнан барлығы 1,5 тоннадан астам есірткі алынды. Оның ішінде 188 келіден астам марихуана, 437 грамм гашиш, 1,3 тонна сора өсімдігі, 9 келі көкнәр және 2 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленген. Сондай-ақ үй жағдайында сора өсіруге арналған 5 фитозертхана анықталды.
Қалалық полиция бөлімдері күн сайын кешенді күштермен аулаларда, гараждар мен құрылыс аймақтарында тексеру жүргізіп келеді. Сонымен қатар Жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы үздік шолу жұмыстары атқарылуда.
Жедел-профилактикалық іс-шаралар нәтижесінде синтетикалық есірткі жарнамаланған граффити жазбалары боялып, интернеттегі 1120 сайт бұғатталды.
Құқық қорғау органдарының өкілдері есірткіге қарсы күрес шаралары алдағы уақытта да күшейтілетінін мәлімдеді.
Оқи отырыңыз: Астанада есірткі тасымалдаған күдікті қолға түсті Ақпарат көзі