Қызылордалық тұрғындарға экотакси қызмет көрсетеді

01.10.2024 в 16:17

Қалада автокөліктерді электрмен қуаттайтын 7 орын қарастырылған

Қызылордалық тұрғындарға экотакси қызмет көрсетеді. Заман талабына сай жабдықталған, әрі электр қуатымен жүретін көліктердің алғашқы легі ел игілігіне берілді, деп хабарлайды  Almaty.tv.

Экотакси қызметі аймақта алғаш рет қолға алынып отыр. Жолаушы тасымалын жақсартуға бағытталған жобаны іске асыруға облыстық бюджеттен 1 млрд теңгеден аса қаржы бөлінген. Оған 1 жыл ішінде 100 автокөлік сатып алу көзделген. Бүгін 52 көлік жолаушыларды тасымалдауға кірісті. Жаңа автокөліктер әуежай, теміржол вокзалы, жаңа автовокзал аумағында қызмет көрсетеді.

Айта кетейік, қалада автокөліктерді электрмен қуаттайтын 7 орын қарастырылған.  Мамандар болашақта олардың санын арттырамақ.

"Облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, 52 автокөлік халыққа қызмет көрсетуге дайын. Тиімділігі сапасы жақсы, тоқпен жүреді. Заманауи, сапалы қызмет көрсетуге ыңғайлы. Тасымалдау бағасы қолжетімді. Арнайы бағдарламамен тапсырыс қабылдап, жүретін болады", – деді Автобус паркі директорының міндетін атқарушы Әбдібәкір Маштаев.

Сондай-ақ Сыр өңіріндегі денсаулық сақтау ұйымдарының автопаркі тағы 74 санитарлық көлікпен толықты. Ауыл-аймақтағы тұрғындарға медициналық қызмет қолжетімді болмақ. Жаңа көліктер қажетті қондырғылармен жабдықталған. Биыл жергілікті билік халықтың сұранысына сәйкес, 200 автокөлік алуға шешім қабылдаған. Ал бұған дейін соның 126-сы келіп, ел игілігіне қызмет көрсетіп жүр.

"Елдімекендегі науқастарды тасымалдау, аудан орталығына алып келу, қалаға жіберуде ешқандай мәселе болмайды. Халықтың қойған бірінші талабы орындалды", – деді Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақов.

Оқи отырыңыз: Таза Қазақстан: Жайық жағалауы қоқыстан тазартылды