Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты: айыпталушы кешірім сұрады

28.05.2026 19:10

Мемлекеттік айыптаушының сөзінше, сотталушы мас күйде бола тұра жол қозғалысы ережелерін елемеген

Үш адамның өмірін қиған әл-Фараби даңғылындағы жантүршігерлік жол апатына қатысты сот процесі басталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Айыпталушы – 32 жастағы Zeekr көлігінің жүргізушісі. Мемлекеттік айыптаушының сөзінше, сотталушы мас күйде бола тұра жол қозғалысы ережелерін елемеген.

Еске салсақ, оқиға 21 наурызда түнде болған. Салдарынан Mercedes жүргізушісі мен 20 және 22 жастағы екі жолаушы көз жұмды. Сот барысында прокурор айыптау актісін оқыды. Сараптама қорытындысына сәйкес, күдіктінің қанынан 1,32 промилле этил спирті анықталған.

«Ол сақтық шараларын қолданбаған. Жылдамдықты сағатына 80 шақырымнан асыру арқылы айыпталушы басқа жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірді. Әл-Фараби көшесімен шығысқа қарай жүріп келе жатқан Mercedes көлігімен соқтығысқан», – деді мемлекеттік айыптаушы Әлібек Күмісбеков.

Айта кетейік, бүгінгі отырыста айыпталушы кәсіпкердің мүддесін бір адвокат қорғап шықты. Ол күдіктінің сотқа онлайн қатысуын сұрап отыр. Себебі, апаттан кейін 32 жастағы азаматтың аяғы әлі толық жазылмапты. Айыпталушыға сөз берілгенде ол барлық жәбірленушіден кешірім сұрады.

Айта кетейік, ол 7-10 жыл аралығында темір торға тоғытылуы мүмкін

«Отбасыларыңызға қандай қайғы әкелгенімді түсініп тұрмын. Заң аясында жазаны өтеуге дайынмын. Жазамды өтеп шыққаннан кейін де қолдан келгенше көмектескім келеді. Мен өзімді ешқашан кешірмеймін», – деді айыпталушы.

Оқи отырыңыз: Шымкентте құмар ойынға бәс тіккен 15 мемлекеттік қызметкер жазаға тартылды