Құрылтай депутаты Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға депутаттық сауал жолдады
Құрылтай депутаты Ләззат Қожахметова баланы балабақша кезегіне қою ата-аналарға қиындық туғызатынын айтты. Ол Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Депутаттың пікірінше, бүгінде балабақшаға кезек мәселесі көптеген ата-ана үшін өзекті. Әсіресе, Астана, Алматы, Шымкент сияқты ірі қалаларда мектепке дейінгі ұйымдарға сұраныс жоғары.
"Қазір баланы мектепке дейінгі ұйымға тіркеудің екі жолы бар: орын болса, бала бірден балабақшаға қабылданады, орын болмаса, кезекке қойылады. Алайда күту тізіміне тұру үшін ата-ана баланы алдымен басқа балабақшаға тіркеуге тиіс. Салдарынан мемлекеттік балабақшадан орын күткен ата-ана баласын көбіне жекеменшік мекемеге тіркеуге мәжбүр. Нәтижесінде бала бір балабақшада тіркелгенімен, іс жүзінде басқа балабақшадан орын күтеді", - деді ол.
Ләззат Қожахметованың айтуынша, жекеменшік балабақшалар баланы қабылдамай, тек құжат жүзінде тіркеп қояды, ал ата-аналар мемлекеттік балабақшадан орын алу мүмкіндігін сақтап қалу үшін мұндай шартқа келісуге мәжбүр.
Осыған байланысты депутат ата-ана баласын басқа балабақшаға тіркемей-ақ, өзі таңдаған ұйымның күту парағына тікелей қоюы керек екенін, ал бос орын пайда болған кезде бала ашық әрі түсінікті кезекпен қабылдануға тиіс екенін айтты.
Оқи отырыңыз: Құрылтай жанынан Мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құрылады