"Лабубу" балаға қауіпті ме: мамандар трендке айналған қуыршаққа қатысты ескерту жасады

03.07.2025 16:17

Ойыншықтың бір-ақ сәтте танымал болуына әлемдік жұлдыздар әсер еткен

«Лабубу» - бала психикасына қауіпті. Қоғамда кең тарап, трендке айналған кезекті ойыншықтан мамандар бас тартуды сұрайды. Оның себебі де жоқ емес, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.  

Өзге елдердегідей, ойыншыққа бола ұзын-сонар кезекке тұрғандар әзірге бізде жоқ. Бірақ қазақстандықтар да әлемдік трендтен қалғысы келмейді. Тісі ақсиып, көзі жыпылықтаған, үлбіреген ойыншық қазір әлемде, оның ішінде біздегі сауда орындарында қаптап тұр. Қытайлық иллюстратордың қиялынан туған кейіпкердің күні кеше пайда болмағанын айта кетуіміз керек. Нарықта жүргеніне он жылдан асқан ойыншықтың бір-ақ сәтте танымал болуына әлемдік жұлдыздар әсер еткен.

БЛИЦ:

- Жалпы, трендке ермеймін, ондай нәрселер қызық емес. Егер балам болса, мүмкін алар ма едім.

- Бұл ойыншықты жақында ғана білдім. Шынымды айтсам, алып бердім. Алғашында әдемі көрінді, бірақ мұқият қарасаң, өте қауіпті ойыншық екен.

- Жәй ғана сыйлыққа берді. Өз басым мұндай ойыншықты түсінбеймін. Қорқынышты екен...

Адам қызығатындай аса ерекшелігі жоқ «Лабубудың» бағасы да бекер емес. «Балам бар жақсыға лайық» деп, тек түпнұсқасын сатып әперемін десеңіз, кемі 50-60 мың теңге жұмсауға дайын болыңыз. Ал ойыншықтың орташа құны 100 мың теңгенің шамасында... Елге келіп жатқаны арзан көшірмелері болған күннің өзінде, сұраныстың азаймай тұрғаны тағы бар. Көбі - сыйлыққа алатындар екен.

«Лабубудың бірнеше түрі бар. Төмендегі үлгісі – 2000 теңге, мына бірі – 3000 теңге тұрады. Ал ең үлкені 8000 теңгеден басталады. Қосымша жаңа тауарлар да келіп жатыр. Олар сәл өзгеше, ерекшелеу болады. Сұраныс жақсы, келіп, арнайы сұрап жататындар көп. Қазір трендке айналып кеткен. Бұл ойыншық жақсы өтеді, бәрі соны алып жатыр. Сыйлыққа да жиі алады», - дейді сатушы Арслан Қонысбаев.

Аталған ойыншықтың шетел асып, бізге жететінін ұмытпаған жөн. Арнайы мамандар әсіресе, балаңыздың бет-аузы мен аяқ-қолына жанасатындықтан, тауардың сапасына, құрылымына мән беру керек екенін айтады. Әзірге басып айтар заңбұзушылық анықталмаған. Бірақ бұл тұста психологтар дабыл қағып отыр. «Санасы енді қалыптасқан тұста, балдырғанның психикалық саулығына қауіп төнеді» деген олар лабубудың сұрықсыз кейпі мінез-құлықтың теріс болуына тікелей әсер етеді деп отыр.

«Мұндай образдарды күнделікті көріп жүрген бала агрессияны қалыпты деп қабылдай бастайды. Қымбат ойыншық болған соң бала өзін өзгелерден жоғары санайды. Яғни, эгоцентризм мен басқаларды менсінбеуді, «менікі ғана дұрыс» дейтін ой қалыптастырады. Сонымен қатар егер балада болмаса, реніш, қызғаныш, өзін төмен бағалау сезімдерін оятады», - дейді психолог Гүлшат Жұмағалиева.

Ашулы кейіп, сүйкімсіз сұрық санада «осындай бейне қалыпты екен» деген ой орнатады. Демек, бала көркемдік пен ұқыптылықтан да ұзайды. Осының бәрін болдырмас үшін бүге-шүгеге мән беріп, кеңеске құлақ асқан жөн. Психологтардың айтары осы.

Жұлдыз Қайратқызы, «Алматы» телеарансы, Атыраудан

Оқи отырыңыз: Құбыжық-ойыншық: сәнге айналған Лабабу бала психикасына қалай әсер етеді