Әлемдік классика – жаңа форматта: Алматыда итальяндық режиссердің «Тоска» операсы сахналанды

02.11.2026 16:01

Махаббат, қызғаныш, сатқындық суреттелетін спектакльді 1600 көрермен тамашалаған

Алматыда Джакомо Пуччинидің әйгілі «Тоска» операсы сахналанды. Қойылымды Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры мен Италияның Турин қаласындағы Корольдік Реджо театры бірлесіп ұйымдастырған. Махаббат, қызғаныш, сатқындық суреттелетін спектакльді 1600 көрермен тамашалаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілішісі.

«Тоска» операсы ең алғаш 1900 жылы Римде сахналанған. Одан кейін 1958 және 2003 жылдары Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында қойылды. Ал бұл жолғы қойылымның басты ерекшелігі – классикалық шығарманың заманауи түрде ұсынылуы. Әсіресе сахналық безендіру мен жарыққа басымдық беріліп, кейіпкерлердің ішкі сезімі мен шығармадағы драмалық шиеленіс визуалды бейнелер арқылы жеткізілді. 

«Әлемдік премьера біздің театрдың тарихы үшін ғана емес, біздің Қазақстандағы өнер үшін де орны бар оқиға деп ойлаймын. Бұрынғы версияларынан ерекшелігі жаңа заманауи тілде қойылды. Классикалық болмысын сақтай отырып, жаңаша көзқараспен, жаңа технологияларды құрал ретінде пайдаланып өзіндік мән-мағынасын жоғалтпай, ішкі жан-дүниесін сақтай алды»,– деді  Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының директоры Айнұр Көпбасарова

Қос театр ұжымы жобаға 1 жыл дайындалған. Стефано Поданың бастамасымен сахналанған қойылымға декорация, 3 мыңға жуық костюм, 200 жұп аяқ киім арнайы Италиядан жеткізілген.

Айта кету керек, Стефано Пода «Тоска»  операсымен жиырма жылға жуық уақыттан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде қойылымды бірнеше рет өзгертіп, жетілдірген. Алайда ол Алматыдағы нұсқасын ең толықтырылған әрі кемеліне келген қойылым деп бағалады.

«Мен режиссер ретінде өнердің шекарасы жоқ деп ойлаймын. Опера әртүрлі ұлт пен мәдениет өкілдерін біріктіреді. Өнерімді қазақ сахнасында көрсету үлкен қуаныш. Қазақ халқының қонақжайлығына, ұлттық тағамдарына, мәдениетіне тәнті болдым»,– деді қоюшы режиссер, хореограф, костюмдер және жарық суретшісі Стефано Пода (Италия).

Екі күндік премьераны 1600 адам тамашалады. Бұл жоба қазақстандық театр өнерінің халықаралық шығармашылық байланысын нығайтып қана қоймай, әлемдік классиканы жаңа қырынан танытуға мүмкіндік берді.

Диана Тұрлыбек, Ғани Қалуов

Толық көрсету