Атыраулық сәнгер әлемдегі ең үздік 5 шаш шеберінің қатарына енді. Ксения Володина халықаралық ONE SHOT Hair Awards конкурсында үздіктер қатарынан көрінді. Қазір ол шаш өрудің оннан аса түрін жетік меңгерген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Дәл осы әлеуметтік желіге әп-сәтте тарап кеткен бейнежазбадан соң Ксенияның жұлдызы жанды. Оны бір күнде 100 мыңнан аса оқырман қараған. Осыдан бес жыл бұрын хоббиі ретінде басталған кәсіп бүгінде тұрақты табысына айналды. Ол Халықаралық ONE SHOT Hair Awards байқауының үздік 5 шаш үлгісі сәнгерінің бірі атанған. Ксенияның айтуынша, додадағы мақсат – ұлттық ою-өрнекті әлемге таныту.
«Бұл – менің хоббиім, бәрін өзім оқып үйрендім. Алғашында қызымның шашын өріп бастадым. Бір адамының шашын өруге шамамен 40-45 минут кетеді. Ал конкурста бар өнерімді салдым, жемісін көрдім. Елімізді танытқым келді», – деді One Shot Hair Awards конкурсының жеңімпазы Ксения Володина.
Байқау АҚШ-тың Флоридада штатында өтті. Оған Ресей, Германия және Чехиядан келген шеберлер қатысқан. Осылайша жерлесіміз жүзден жүйрік атанып, жеңіс тұғырынан көрінді. Ксения 14 сағаттың ішінде күрделі шаш үлгісін өріп, қазылар алқасын таңқалдырған. Бүгінде кейіпкеріміз шаш өрудің бірнеше түрін үйренген.
«Көп жағдайда бәрі сәтті шыға бермейді, бірақ мен тырысамын. Шаш өру оңай жұмыс емес, көп уақыт алады, оған машықтану керек. Әсіресе азиялық шаш өру үлгісі өте қиын. Топ бестікке шыққанда қатты қуандым», – деді Ксения Володина.
Шебердің жұмысына қызығатын жастар да көп. Бүгінде ол осы салаға бет бұрып, дизайнерлікпен айналысқысы келетін жандарды үйретіп жүр.
«Қазақтың образдарын, атын әлемге таныту. Мақсат – Қазақстан таныту арқылы әлемге танымал болу», – деді сәнгердің шәкірті Гүлжанат Тәжімғалиева.
Ксения күзде өтетін тағы бір халықаралық байқауға дайындалып жатыр. Шебер шаш өрудің жаңа тәсілдерін меңгеріп, ізденісін тоқтатпайтынын жеткізді.
Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан
Оқи отырыңыз: Алматы қаласы – дүниежүзілік тоғызқұмалақ астанасы