Әлемдік рекордтар кітабына алматылық аналар ерекше сырмақ ұсынбақ

16.02.2026 21:55

Бұған дейін мұндай рекордты Қытайдағы қандастар 103 метрлік сырмақ тігіп орнатқан

Алматылық ақ жаулықты әжелер әлемдік рекорд жаңартуға ниетті. Қолөнердің қайталанбас туындысы – ұзындығы 110 метрлік сырмақ Әлемдік рекордтар кітабына ұсынылмақ, деп хабарлайды  Аlmaty.tv.

«Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігіндегі 100-ге жуық ақ жаулықты әже алып сырмақты дайындауға кірісіп кетті. Шебер аналар ұлттық мұраны жаңғыртып, сырлы сырмаққа халқымыздың рухын, дәстүрін, тарихын кестелеуде.

Айта кетейік, бұған дейін мұндай рекордты Қытайдағы қандастар 103 метрлік сырмақ тігіп орнатқан. Енді алматылық қолөнерші апалар бұл межеден асып, жаңа жетістікке қол жеткізуді көздеп отыр.

«Сырмақ – ежелгі мәдениетімден сыр шерттер қолөнер тундысы. Оны сыры ауызбірлікке, сыйластыққа үндейді. Бұл – аналарымыздың көз мейірімі, қол жылуымен жасалатын дүние», – деді  «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ләйле Дәулет.

Туынды қолмен, дәстүрлі басу және тігу әдістерін сақтай отырып жасалуда. Жобаға 500-ге жуық адам қатысады. Қазір әжелер бірнеше ауысымға бөлініп, сырмақты күнделікті тоқуда. Қолөнер туындысында жылдың төрт мезгілі бейнеленіп, табиғаттың әсемдігі мен тіршіліктің сабақтастығы түрлі ұлттық оюлар арқылы көрініс табады.

 «Бүгінгі таңда тең жартысынан көбі жасалды. 21наурызға барын дайындап, шығарамыз деп үміттеніп отырмыз. Сырмақта күз, қыс, жаз, көктем мезгілдерімен байланыстыра отырып, бетіндегі өрнектің барлығын сәйкестендіріп, түс, ою жағынан үйлестіріп жатырмыз», – деді жоба авторы Жанар Сейілбек.

«Жобаға тек үлкен әжелер емес, жастар да, қыз-келіншектер де, аналар да қатысып жатыр. Яғни 500-ге жуық қыз-келіншек бар. Әлемдегі ең үлкен шаңырақ жобасы да құрастырылып жатыр», – деді Бостандық аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Төрежан Өтеген.

Жоба ұлттық сәндік-қолданбалы өнерді дәріптеп, ғасырлық дәстүрді жас ұрпаққа насихаттауға бағытталған. Алып сырмақты көпшілікке Наурыз мерекесінде ұсыну жоспарланған.

Әйкерім Пернебек, Рашидин Якупов

Оқи отырыңыз: Алматыда хирургиялық экзоскоп көмегімен 40-қа жуық ота сәтті өтті