Кешеннің жалпы ауданы 22 мың шаршы метрден асады
Үкімет Мемлекет басшысы Құрылтайдың бірінші сессиясында қойған міндеттері аясында өңірлердегі әлеуметтік инфрақұрылымды озық дамыту жұмыстарын жүргізіп келеді. Осы орайда Павлодар қаласында көпфункционалды Мұз спорт сарайын салу жобасына 19,9 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды Almaty.tv Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жобада Олимпиада талаптарына сай 400 метрлік конькимен жүгіру жолы, канадалық және еуропалық форматтағы екі хоккей алаңы, сондай-ақ керлингке арналған жолақтар қарастырылған.
Бұдан бөлек, 500 көрерменге арналған трибуна, жаттығу залы, жаттықтырушылар мен төрешілерге арналған бөлмелер салынады. Кешеннің жалпы ауданы 22 мың шаршы метрден асады. Жобаны жүзеге асыру басталды, нысанды 2027 жылдың желтоқсанында пайдалануға беру жоспарлануда.
Нысан пайдалануға берілгеннен кейін қысқы спорттың бірден бес олимпиадалық түрін: конькимен жүгіру, шайбалы хоккей, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек және керлингті дамыту жоспарланып отыр.
Кешеннің ашылуы жаңа спорт секцияларын ұйымдастыруға, толыққанды оқу-жаттығу процесін өткізуге және түрлі деңгейдегі жарыстарды ұйымдастыруға қосымша мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта 370 мыңнан астам тұрғыны бар Павлодар қаласында 19 хоккей корты жұмыс істейді. Оның ішінде 5-еуі жабық, сондай-ақ мұз сарайы мен мұз аренасы бар.
Дегенмен қолданыстағы нысандар тұрғындар мен спорт ұйымдарының қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге жеткіліксіз. Жаңа спорт кешені жұмыс істеп тұрған алаңдарға түсетін жүктемені азайтып, қысқы спорт түрлерімен айналысу мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Оқи отырыңыз: Премьералар апталығы: Қуыршақ театрының жаңа маусымында қандай қойылымдар сахналанады