Жоба Ақкөл, Көкшетау және Павлодар қалаларында іске қосылып, 5 мың адамды қамтитын болады
Үкімет әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тікелей реттеуден бас тартып отыр. Сауда министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, енді халық күнделікті тұтынатын азық-түлікке шекті баға қойылмайды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның орнына сауда үстемесін 15 пайыздан асырмау туралы талап қатаң бақыланады. Министр атаулы әлеуметтік көмек алатын жандар үшін «цифрлық азық-түлік ваучері» пилоттық жобасы жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.
Айта кетейін, жоба Ақкөл, Көкшетау және Павлодар қалаларында іске қосылып, 5 мың адамды қамтитын болады.
«Жоба аясында арнайы әлеуметтік көмек алушыларға азық-түлік ваучерлері ұсынылады. Сол арқылы әлеуметтік азық-түлікті өз бағасына сатып алады. Мемлекет басшысының барлық тапсырмалары ерекше бақылауда. Әрбір іс-шара жоспарлы іске асырылып, барлық міндет сапалы және белгіленген мерзімде орындалуда», – деді ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.
Министрдің сөзінше, дүкендегі тауарлардың 50 пайызы отандық өнім болады. Үкімет ішкі нарықты қорғау үшін реттеуші тетіктерді әзірлеген. Қазір отандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімі жасалып жатыр. Онда өндірушілер туралы нақты деректер жинақталып, оларға мемлекеттік қолдау шараларына, сондай-ақ мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуларға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Одан бөлек Арман Шаққалиев Үкімет Қазақстандық нарықты сапасыз және қауіпті өнімнен қорғау мақсатында белсенді жұмыс істеп жатқанын да жеткізді.
«Барлық бақылаушы мемлекеттік органдардың қатысуымен штаб жұмыс істейді. 600 мың тоннадан астам мал шаруашылық өнімін тасымалдаған 47 мыңнана астам көлік тексерілді. 900-ден астам автокөлік кері қайтарылды. Мыңнан астам сәйкестікті растау құжаттары жойылды», – деді Арман Шаққалиев.
Оқи отырыңыз: Президент Денсаулық сақтау министріне міндетті медициналық сақтандыру жүйесін тиімді етуді тапсырды