Әлеуметтік желідегі әдемі өмір жеке бюджетке қалай әсер етеді

08.11.2026 16:23

Адамның өзін айналасындағылармен салыстыруы – табиғи құбылыс

 

Аlmaty.tv

Әлеуметтік желілерде қымбат демалыс, сәнді киім, жаңа смартфон мен көлік жиі көрсетіледі. Мұндай жазбаларды көрген адам бірте-бірте өзгелердің өмір салтына сай өмір сүруге ұмтылуы мүмкін. Соның салдарынан жоспарланбаған шығын көбейіп, тіпті кредит алуға дейін барады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.   

Өзгелермен салыстыру шығынды көбейтеді

Fingramota.kz зерттеуіне сүйенсек, адамның өзін айналасындағылармен салыстыруы – табиғи құбылыс. Алайда әлеуметтік желілер бұл әдетті күшейтеді. Өйткені онда адамдар күнделікті тіршілігін емес, көбіне саяхат, қымбат мейрамханадағы кешкі ас пен жаңа сатып алған заттарын көрсетеді.

Осының әсерінен өзгелердің өмір салты қалыпты жағдай сияқты көрініп, адам да солардан қалмауға тырысуы мүмкін. Мәселен, таныстарының шетелге жиі саяхаттағанын көріп, демалысты кредитке жоспарлайды. Немесе дұрыс жұмыс істеп тұрған смартфонын жаңасына ауыстырады.

Бұған блогерлердің жарнамасы мен әлеуметтік желі алгоритмдері де әсер етеді. Пайдаланушы қызығушылық танытқан тауарлар оған қайта-қайта ұсынылып, сатып алуға деген ықыласын арттырады.

Әлеуметтік желінің әсерінен болатын үш жағдай

Мұндай қаржылық шешімдердің бірнеше мысалын келтіруге болады.

  • Бірінші жағдай – демалысты кредитке жоспарлау. Адам саяхатқа ақша жинауды көздегенімен, таныстарының шетелдегі суреттерін көрген соң демалысты кейінге қалдырғысы келмейді. Сөйтіп, сапар шығынының бір бөлігін кредитпен өтейді. Ал оралғаннан кейін бірнеше ай бойы қарызын төлеуге мәжбүр болады.
  • Екінші жағдай – смартфон мен киімді жиі жаңарту. Әлеуметтік желіде жаңа гаджеттер мен сәнді киімдердің жарнамасын көрген адам өзіндегі заттар ескіргендей сезінуі мүмкін. Сөйтіп, қажет болмаса да, жаңа тауарды бөліп төлеуге сатып алады. Ал бірнеше осындай төлем жиналғанда, ай сайынғы шығын көбейеді.
  • Үшінші жағдай – қымбат көлікті мәртебе үшін сатып алу. Кейбір адамдар әлеуметтік желідегі ауқатты өмір салтына еліктеп, қолданыстағы көлігін қымбатына ауыстыруға тырысады. Алайда автокөлікке кететін шығын тек кредит төлемімен шектелмейді. Оған жанармай, сақтандыру, техникалық қызмет көрсету, салық пен жөндеу шығындары да қосылады.

Жеке бюджетті қалай бақылауға болады?

Мамандар сатып алу туралы шешім қабылдамас бұрын оның шынымен қажет екенін саралауға кеңес береді. Мәселен, жаңа затты әлеуметтік желіден көрмеген жағдайда да сатып алар ма едіңіз, қазіргі қолданыстағы бұйым өз міндетін атқарып жүр ме деген сұрақтарға жауап берген жөн.

Сондай-ақ бөліп төлеу кезіндегі аз ғана айлық жарнаға емес, тауардың толық құнына назар аудару қажет. Жеңілдікпен ұсынылған зат та бастапқыда сатып алу жоспарда болмаса, үнем болып саналмайды.

Әлеуметтік желілердегі жарнама мен ұсыныстар да адамның қаржылық шешіміне ықпал етуі мүмкін. Мысалы, «тек бүгін», «соңғы мүмкіндік» деген хабарламалар асығыс сатып алуға итермелейді. Ал блогерлердің ұсыныстары кейде жарнамадан гөрі таныстың кеңесі сияқты қабылданады.

Сондықтан ірі сатып алудың алдында оның жалпы құнын, қосымша шығындарын және бұрыннан бар қаржылық міндеттемелерді есептеген дұрыс. Ең бастысы, өзгелердің өмір салтына еліктеп, жеке қаржылық тұрақтылыққа нұқсан келтірмеу керек.

Оқи отырыңыз: Тым ыстық шай мен кофе қандай қауіпті ауру тудыруы мүмкін

Толық көрсету