Биыл Қоғамдық кеңестер туралы Заңның қабылданғанына 10 жыл толды
Биыл Қоғамдық кеңестер туралы Заңның қабылданғанына 10 жыл толды. Мерейлі датаға орай Алматыда қоғамдық кеңес мүшелері, әкімдік өкілдері, академиктер, жоғары оқу орындарының жетекшілері жиналған басқосу өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қатысушылар Алматы қалалық қоғамдық кеңестің 10 жылдық жұмысын қорытындылап, тұрғындармен кері байланыс орнату мен әлеуметтік бастамаларды қолдаудың жаңа тәсілдерін ұсынды.
«Қоғамдық кеңес алғаш құрылғанда халық арасында «кезекті пайдасыз құрылым» деген әңгімелер пайда болды. Оның қандай жұмыс атқаратынынан бейхабар еді. Мен өзім осы Алматы қалалық қоғамдық кеңесінің бірінші шақырылымында мүше болдым. Көп жұмыс атқардық, мегаполистің мәселелерін талқылап қана қоймай, оны шешу жолдарын қарастырдық», – деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Кәкімжан Бишманов.
Айта кетейік, республика аумағында 263 қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Онда 4 мыңнан астам белсенді азамат өңірлердегі мәселелерді шешу мақсатында қызмет атқарып келеді. Жиынға қатысушылардың сөзінше, аталған құрылымға қарашаның қамын ойлап, қоғам мен билік арасында көпір бола алатын азаматтар мүше болуы тиіс.
«Қоғамдық кеңестер өзекті сұрақтарды ортаға салып, талқылап, шешім іздеуі керек. Көшеде айтқан бөлек. Ал қоғамдық кеңестердің пікіріне әкімдік міндетті түрде жауап беруі керек. Бұл мәслихат емес, жай көшеде жүрген адамдар емес, мемлекет құрған орын», – деді қоғам қайраткері, профессор Рахман Алшанов.
Оқи отырыңыз: Мәжілісте әскери кафедралардағы дайындық сапасы талқыланды