Екінші адам жансақтау бөлімінде жатыр
Қарағанды облысындағы тұрғын үй кешендерінің бірінде лифт құлап, жұмысшы қаза тапты. Белгілі болғандай, марқұм ол жаққа әріптесімен бірге жеделсаты жабдықтарын орнатуға барған. Жұмыс кезінде екеуі де 9-қабаттан құлап кеткен, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Екінші жұмысшы ауыр жарақат алып, қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Оқыс оқиғаның себебін еңбек инспекторлары анықтайды.
Қайғылы жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі тергеу басталғанын хабарлады.
"Қарағандыда салынып жатқан тұрғын үй кешенінде болған оқиғаға қатысты «Абайсызда адамның өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта бірқатар сараптама тағайындалды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр", - деді Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров.
Оқи отырыңыз: Алматы облысында жаңа туған нәрестенің денесі табылды