Сирек кездесетін өсімдік Атырау облысы Құрманғазы ауданына қарасты Қиғаш өзенінің сағасында қауыз ашқан
Атырау облысында көркі көз тартар лотос гүлдеді. Сирек кездесетін өсімдік Құрманғазы ауданына қарасты Қиғаш өзенінің сағасында қауыз ашқан. Ал табиғаттың бұл туындысын тамашалауға келген туристер саны 5 мыңға жетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Табиғат. Сұлулық. Саф ауа. Шілде айында жайқалып өсетін лотос алқабын көруге ағылған жұрттың қарасы қалың. Әсіресе Ресей, Әзірбайжан, Грузия елінен келген турист көп. Көз тартар сұлулықты тамашалау үшін көпшілік бұл мекенге таңғы уақытта баруды жөн санайды.
«Әсерім керемет. Таңғы салқынмен сағат 5:00-де тұрып, әдемі таңғы ауаны жұтып, қайықпен келіп қалдық. Сөзбен жеткізе алмай тұрмын. Қазақстанымызға берілген байлық деп есептеймін», – деді турист Ақтоты Абдоллаева.
Өңір ғана емес, тұтас елдің байлығы саналатын лотос мұндағы 5 мың гектарды алып тұр. Әзірге оның Атырау аймағына қалай келгені белгісіз. Кей болжамға сүйенсек, гүлдің тұқымын құстар алып келуі мүмкін.
Айта кетейік, биыл аймақта аталған өсімдіктің құрметіне алғаш рет арнайы фестиваль ұйымдастырылған. 20 киіз үй тігіліп, іс-шара қолөнершілер көрмесі мен балуандардың боз кілемде белдесуіне жалғасқан. Бір айға созылатын фестивальдің осы мезгілде ұйымдастырылуы да тегін емес. Өйткені бұл уақыт – лотостың гүлдеп, жайқалып өсетін шағы.
«Бүгінгі фестивальдің ауқымы өте керемет. Ұйымдастырушылардың еңбегіне дән ризамыз. Бұл іс-шара Атырау облысының туризмін дамытуға мол мүмкіндіктік береді деп ойлаймын», – деді турист Светлана Шагапарова.
«Еліміз бойынша лотос гүлі тек Атырау өңірінде, соның ішінде Құрманғазы ауданында ғана гүлдейді. Ал әлем бойынша санаулы жерлерде. Табиғи байлығымызды халыққа насихаттау, сол арқылы туристік кластерді дамыту –негізгі мақсатымыз. Бұл фестивальдің ерекшелігі, бір күндік емес, бір айға созылатын үлкен бағдарламалық шара», – деді облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов.
Фестивальде туристердің қауіпсіздігі де басты назарда. Мұнда әскери қызметшілер ел амандығын тәулік бойы бақылайды. Сонымен бірге қайыққа міну кезіндегі қауіпсіздік шаралары да назардан тыс қалмады.
«Шекара қызметі осы жерде қызмет атқарып жатырмыз. Лотос гүлін тамашалауға бара жатқан туристердің бақылап, сақтық шараларын жасауға шақырып, жұмыс істеудеміз. Ереже бұзылған жағдайда ескерту беріліп, тиісті шаралар қолданамыз. Планшет арқылы айыппұлын саламыз», – деді Теңіз шекара қызметінің командирі Абылайхан Саханов.
Айта кетейік, Атыраудағы лотос қызғылт түсімен ерекше. Бұл түр Үндістан мен Вьетнамның ұлттық гүлі саналады. Әрі аталған өсімдіктің емдік қасиеті барын да айта кеткен жөн. Ал Қызыл кітапқа енген гүл шілденің ортасынан тамыздың соңғы аптасына дейін көптің назарында екенін ұмытпаған жөн.
Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан
Оқи отырыңыз: Алматы мәдени астана мәртебесін растады: Hassak тобы III Халықаралық цирк фестивалінің Бас жүлдесін жеңіп алды