Лудоманиямен күрес: Қазақстанда балаларға арналған ойын автоматтарының қызметі заңмен реттеледі

09.06.2026 16:11

Мұны  ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов айтты

Almaty.tv

Қазақстанда балаларға арналған ойын автоматтарының қызметі қатаң реттелмек, - деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Kazinform ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Елде балаларға арналған ойын автоматтарының жұмысын бақылайтын арнайы заңнамалық нормалар әзірленіп жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейін журналистердің сұрақтарына жауап берген ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді. Ведомство басшысының сөзінше, қазіргі құқықтық база бұл саланы нақты қадағалауға қауқарсыз.

«Қолданыстағы заңнама мұндай автоматтардың жұмысын нақты реттемеген. Жақын арада жаңа заңнамалық түзетулерді таныстыру жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта «кран» түріндегі ойын автоматтары ешбір мемлекеттік органның жауапкершілігіне жатпайды. Сондықтан осы автоматтарды қадағалайтын өкілетті орган айқындалады», — деді Ербол Мырзабосынов.

Бұл мәселенің әлеуметтік маңызы жоғары. Бұған дейін Парламент қабырғасында да осы тектес ойын құрылғыларының балалар психологиясына тигізер кесірі сөз болған еді.

«Соңғы уақытта «кран» түріндегі ойын автоматтары күрт көбейіп жатыр. Бұл жабдықтар мектептердің, үйірмелердің, спорт секцияларының маңында және балалар жиі кіретін дүкендердің ішінде жаппай орнатыла бастады», — деп ескерткен болатын өткен жылы Сенат депутаты Ғалиасқар Сарыбаев.

Жаңа заңнамалық түзетулер қабылданғаннан кейін, балалар жиі баратын орындардағы мұндай аппараттардың қызметіне мемлекет тарапынан толықтай бақылау орнатылмақ.

Оқи отырыңыз: Ішкі нарықты қорғау: Қазақстан ағаш материалдарының экспортына салынған тыйымды ұзартты