Мәңгілік білім ағашы: сотталғандар кітаптан инсталляция құрастырды

16.06.2026 21:57

иіктігі 2,5 метр, ені 3 метр болатын бұл арт-нысан білімге ұмтылыс, тұлғалық даму және жаңа өмірлік мүмкіндіктердің символына айналды

Polisia.kz

Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша ҚАЖД-ға қарасты №31 мекеме аумағында сотталғандардың қолымен жасалған ерекше шығармашылық туынды – "Мәңгілік білім ағашы" атты ауқымды инсталляция көпшілік назарына ұсынылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Биіктігі 2,5 метр, ені 3 метр болатын бұл арт-нысан білімге ұмтылыс, тұлғалық даму және жаңа өмірлік мүмкіндіктердің символына айналды. Кітаптардан құрастырылған ағаш адамзаттың үздіксіз рухани және зияткерлік өсуін бейнелейді. Мұнда әрбір кітап білімнің, тәжірибенің және даналықтың жаңа бір бұтағы іспетті көрініс тапқан.

Композицияны жасау барысында жобаға қатысушылар өз шеберліктерін, шығармашылық қабілеттерін және командалық жұмыс дағдыларын көрсете білді. Олар болашақ туындының әрбір бөлшегін мұқият жоспарлап, ерекше идеяны жүзеге асырды. "Мәңгілік білім ағашы" кітаптың адам дүниетанымын кеңейтуге, ізгілікке жетелеуге және өмірлік дұрыс бағыт таңдауға ықпал ететінін еске салады. Инсталляцияның негізгі материалы ретінде кітаптардың таңдалуы да терең символдық мәнге ие.

Өйткені кітап – қай кезеңде де даналықтың, рухани дамудың және жаңа мүмкіндіктердің қайнар көзі. Жобаға қатысу сотталғандарды ортақ шығармашылық идея төңірегіне біріктіріп, олардың қабілеттерін ашуға мүмкіндік берді. Бұл бастама білімге деген ұмтылыстың шекарасы болмайтынын айқын көрсетті. Жасалған композиция мекеменің көркін арттырып қана қоймай, сотталғандар мен қызметкерлер арасында үлкен қызығушылық тудырды.

"Мәңгілік білім ағашы" – жай ғана арт-нысан емес, ол білімнің, шығармашылықтың және өзін-өзі дамытуға деген ұмтылыстың әр адамның өміріндегі оң өзгерістерге берік негіз бола алатынын дәлелдейтін жарқын үлгі болып табылады.

Дереккөз: Polisia.kz

Оқи отырыңыз: СҚО-да жұрты төрт түлігін жайылымға жібере алмай отыр