МӘСҚ: жалған еңбек қатынастары үшін бірқатар тұлға сотталды

29.05.2026 11:49

Бүгінгі күні жүргізілген тексеру шараларының нәтижесінде еліміздің 13 өңірінде 38 қылмыстық іс қозғалды

Depositphotos.com

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘСҚ) міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі қаражатының заңдылығы мен нысаналы пайдаланылуын қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастыруда. Төлем тағайындау үшін ұсынылатын деректердің дұрыстығына жүргізілетін мониторинг аясында Қор жалған еңбек қатынастарын рәсімдеу фактілерін тұрақты түрде анықтап отыр, - деп хабарлайды Аlmaty.tv. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Бүгінгі күні жүргізілген тексеру шараларының нәтижесінде еліміздің 13 өңірінде 38 қылмыстық іс қозғалды. Мәліметтер базасына жүргізілген талдау 258 кәсіпкерлік субъектісінің 4,4 мыңнан астам азаматқа әлеуметтік төлемдерді заңсыз алу мақсатында жалған еңбек қатынастарын рәсімдегенін анықтады.

Сот процестерінің қорытындысы бойынша 9 қылмыстық іс бойынша айыптау үкімдері шығарылды. Соттар заңсыз схемаларды ұйымдастырған 12 тұлғаны кінәлі деп танып, олардың ішінде Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда, ШҚО және өзге де өңірлердің өкілдері бар. Заңсыз әрекеттері үшін олар 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

«Әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру бізге әртүрлі ақпараттық жүйелердегі деректерді нақты уақыт режимінде өзара салыстырып тексеруге мүмкіндік береді. Бұл жұмыстың негізгі мақсаты – әлеуметтік қолдаудың атаулылығын қамтамасыз ету және жүйеге адал қатысушылардың мүддесін қорғау. Кірістерді жасанды түрде көбейту немесе жалған жұмыспен қамтуды қалыптастыру әрекеттері талдау сатысында-ақ анықталып, тиісті құқықтық баға беріледі», – деді «МӘСҚ» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Марат Жаныбеков.

Аталған бақылау шаралары ең алдымен міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі қаражатының әділ бөлінуін қамтамасыз етуге және әлеуметтік төлемдерді адал алушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған.

МӘСҚ азаматтарды сақ болуға және күмәнді делдалдардың қызметін пайдаланбауға шақырады. Төлемдерді заңсыз арттыру мақсатында «кеңесшілерге» жеке деректерді беру тек ұйымдастырушылар үшін ғана емес, сондай-ақ қызметті алушылар үшін де заңнамада көзделген жауапкершілікке әкелуі мүмкін екені ескертіледі.

Оқи отырыңыз: Қазақстан ЕАЭО елдері үшін индустриялық ЖИ-зертханалар желісін құруды ұсынды