Мәулен Әшімбаев: Президент реформаларының түпкі мақсаты – мемлекеттілік пен тәуелсіздікті нығайту

ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі / Н. Байбулин
ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі / Н. Байбулин

Сенат Төрағасы Қазақстанның ұлттық жаңғыру кезеңіне қадам басып жатқанын айтты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін Сенатта «Ұлттық мүдде» диалог алаңының «Саяси жаңғыру: Әділетті Қазақстанның конституциялық моделі» тақырыбына арналған отырысы өтті. Кездесуге қатысушылар мемлекеттілікті дамытудың жаңа кезеңіне өту кезінде конституциялық реформаның мәні мен мазмұнын, оның саяси жүйені жаңғыртудағы және мемлекеттік құрылымның жаңа моделін қалыптастырудағы рөлін талқылады, деп хабарлайды Almaty.tv ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Сенат Төрағасы реформа аясында мемлекет пен қоғам арасындағы келісім және диалог институты ретінде Халық кеңесін құру ұсынылғанына ерекше назар аударды. Отырыста аталған алаңда идеология, құндылықтар мен ұлттық бірлік мәселелері талқыланатыны және Кеңеске заң шығаруға бастамашы болу құқығын беру оны мазмұнды институтқа айналдыратыны сөз болды. Ұсынылған өзгерістердің қатарында вице-президент лауазымын енгізу және Конституцияның преамбуласын жаңарту туралы бастамалар да бар екеніне мән берілді. Сол арқылы мемлекеттіліктің тарихи сабақтастығын көрсетіп, Әділетті Қазақстан құруды ең жоғары мақсат ретінде белгілеу көзделіп отыр.

«Қазақстан ұлттық жаңғыру кезеңіне қадам басуда. Осы тарихи сәтте зиялы қауым өкілдері мен қоғамдық пікір көшбасшылары ерекше рөл атқарады. Қазіргі таңда Мемлекет басшысы ұсынған ауқымды өзгерістердің мәнін қоғамға дұрыс жеткізу аса маңызды. Қазіргідей жауапты кезеңде ұлттық бірлікті одан әрі бекемдеу өте өзекті. Қоғамды ортақ мүддеге жұмылдыру ісінде де сіздерге үлкен жауапкершілік жүктеледі. Саяси жаңғыудың түпкі мақсаты – мемлекеттілік пен Тәуелсіздікті нығайту. Бұл – Әділетті Қазақстан құру жолындағы жаңа конституциялық модельге көшу кезеңі. Алдағы уақытта конституциялық реформаларды табысты іске асыруға зиялы қауым мен сарапшылар қоғамдастығы белсенді үлес қосады деп сенемін», – деді Мәулен Әшімбаев.

Оқи отырыңыз: Сенат Төрағасы: Президенттің конституциялық реформасы – мемлекет құрылысын дамытудың жаңа кезеңі

Новости партнеров