Мәжілісте әскери кафедралардағы дайындық сапасы талқыланды

27.11.2025 20:38

Еліміз бойынша жоғарғы оқу орындарында 41 әскери кафедра бар

Аlmaty.tv

Мәжілістегі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде әскери кафедралар мен факультеттердегі әскери дайындық сапасы талқыланды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.  

Комитет жетекшісі Айгүл Құспан төрағалық еткен жиынға депутаттармен қатар жауапты мемлекеттік органдар мен жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.

Айгүл Құспан жоғары оқу орындары жанындағы әскери кафедралар елдің жұмылдыру резервін дайындау жүйесінің маңызды буыны екенін атап өтті. Сондай-ақ жақында Әскери-патриоттық тәрбие жөніндегі заң аясында жоғары оқу орындарында әскери даярлықты жетілдіруге бағытталған түзетулер қабылданғанын еске салды.

Қорғаныс вице-министрі Серік Борамбаев еліміз бойынша жоғарғы оқу орындарында 41 әскери кафедра барын, онда шамамен 17 900 адам білім алып жатқанын хабарлады. Оның айтуынша, әскери кафедралардағы оқыту сапасы біркелкі емес, университеттер арасында айтарлықтай айырмашылық бар. Мысалы, әскери кафедралардың штаттық құрамы орташа есеппен 69 пайызды құрайды. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде бұл көрсеткіш 94 пайыз, ал Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында тек 42 пайыз.

Өз кезегінде Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова университеттердегі әскери-патриоттық тәрбиені кешенді дамыту, студенттерді даярлаудағы цифрлық технологиялардың рөлі және кафедраларды қаржыландырудың жеткіліксіздігі мәселесі туралы айтты.

Баяндамаларды тыңдаған соң депутаттар тақырыпты талқылауға көшті. Нақтылау сұрақтарын қойып, ұсыныстарын айтты. Әсіресе, университеттерді тиісті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету, әскери кафедраларды оқытушылармен жасақтау, мамандықтарды жаңарту, оқыту бағдарламасына заманауи технологияларды енгізу және басқа да мәселелер көтерілді.

Жиын соңында Айгүл Құспан әскери дайындық сапасын арттыру үшін бағдарламаларды заманауи технологиялар мен нақты жауынгерлік тәжірибені ескере отырып жаңарту, кафедра жабдықтарын жаңғырту, оқытудың практикалық бөлігін кеңейту және басқа да шараларды жүзеге асыру қажет екенін атап өтті.

Кездесуде айтылған пікірлер мен ұсыныстар тиісті комитеттің ұсынымдарында жинақталып, Үкіметке жолданады.

Оқи отырыңыз: Қаржы пирамидаларының құрығына түспеу үшін нені білу керек