Кәсіпорында 40-қа жуық ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылды
Бұрын кәдеге жарамайтын мақта шиті енді отандық сапалы майға айналады. Түркістан облысындағы Мақтаарал ауданында шикізатты қалдықсыз терең өңдейтін жаңа зауыт пайдалануға берілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Биыл Жетісай ауданы бойынша 45 мың гектар алқаптан өнім жиналуда. Шаруалар қазірдің өзінде бірінші терімнің сексен пайызын аяқтап, екінші айналымға көшті. Жергілікті және шетелдік сұрыптарды еккен диқандар әр гектардан орта есеппен 30 центнерден мақта алып жатыр.
«Соңғы 7 жыл көлемінде мемлекет тарапынан ауылшаруашылығы өнімін өндіруге көп жәрдем болып жатыр. Ерте көктемде жерді өңдеу үшін төмен пайызбен несие беріп жатыр. Жанар жағармайды да, тыңайтқыштардың да арзан бағада жеткізді», – деді шаруа қожалығының төрағасы Батырбек Бекмұратов.
Бүгінде аймақта қара күштен гөрі озық технологияға сүйену басым. Облыстағы 91 мың гектар алқапта су үнемдеу жүйесі енгізілген. Тыңайтқыштар дронмен шашылып, өнім заманауи комбайндармен жиналады.
«Терім машиналары биыл 10 пайыз артқан. «Казагроқаржы» ұйымы арқылы 5 пайыз жеңілдетілген лизинг арқылы техникаларды алып жатыр. Биыл 241 техника мен агрегат алынып отыр», – деді Жетісай аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Ерасыл Зекен.
Қазір өңірде 29 зауыт тәулік бойы шикізат қабылдап жатыр. Шитті мақтаның келісі 230 теңге болып бекітілген. Алайда өңір тек өнім сатумен шектелмей, шикізатты терең өңдеуге көшті. Мәселен, көршілес Мақтаарал ауданында құны 1,5 миллиард теңге болатын мақта майын өндіретін жаңа зауыт пайдалануға берілді. Бұрын кәдеге жарамайтын шиттер енді өңделіп, дайын тауарға айналмақ. Кәсіпорында 40-қа жуық ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылды.
«Жылдық қуаттылығы 30 мың тоннадан астам, тәулігіне 100 мың тоннадан астам шиттен май алынады. Бұл Мақтаарал ауданындағы төртінші зауыт деп айтуға болады. Бұл агроқұрылымдарға, мақтамен айналысатын шаруаларға серпіліс деуге болады», – деді Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әлібек Плалов.
Жалпы жоспарға сәйкес, 2030 жылға қарай өңірде құны 212 миллиард теңгеден асатын 5 ірі кластерлік жоба жүзеге асырылады. Бұл ақ алтынның құнын арттырып, өңірде тұтас өндірістік тізбек құруға мүмкіндік береді.
Нұркен Әкімхан, Түркістан облысынан
Оқи отырыңыз: Жуалы ауданында жерасты өткелі қолданысқа берілді