Мал ұрлығы: елімізде 905 мал басы иесіне қайтарылды

25.11.2024 13:46

Жедел-профилактикалық іс-шара барысында 12 мың автокөлік, 3,5 мың сату орны және 8 мыңнан астам шаруа қожалығы тексерілді

Үш күннің ішінде елде 905 мал басы иесіне қайтарылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жедел-профилактикалық іс-шара барысында ет өнімі мен үй жануарларын тасымалдаған 12 мың автокөлік, 3,5 мың сату орны және 8 мыңнан астам шаруа қожалығы тексерілген. Сондай-ақ 121 мал ұрлығы ашылып, 137 күдікті мен 19 қылмыстық топ ұсталған. Ал бір ғана Ақмола облысында 46 жылқыны қолды қылған 2 адам анықталған.

"Павлодар облысында қазаннан бастап, 25 жылқы ұрлаған 6 адамнан тұратын қылмыстық топ ұсталды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде биыл мал ұрлығы 33 пайызға төмендеді. Ұрланған малдың жартысынан көбі иелеріне қайтарылды", – деді ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.

Оқи отырыңыз: Екі қазақстандық АҚШ-тан пошта арқылы есірткіге тапсырыс берген