Мал ұрлығы: Ұлытау облысында 4 қылмыстық топ анықталды

28.11.2025 14:29

Қолды болған 100-ге жуық мал өз иелеріне қайтарылды

Ұлытау облысында 15 мал ұрлығы фактісі анықталып, оны ұйымдастырып отырған 4 қылмыстық топ анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Тәртіп сақшылары «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық шарасы барысында 2 мыңнан аса шаруа қожалығына тексеріс жүргізген. Нәтижесінде қолды болған 100-ге жуық мал өз иелеріне қайтарылды. Ал табылған иесіз жануарлар арнайы айып тұрағына жеткізілген. Полицияның мәліметінше, күдіктілер бірнеше ай бойы түнгі уақытта түліктерді атып алып, сол жерде бөлшектеп немесе қора-жайлардан басып әкетіп отырған.

«Операция барысында құрамында 17 адам болған 4 қылмыстық топ ұсталды. Олардың алтауы сот шешімімен түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Тағы 2 адамның екі ұрлық эпизодына қатысы бар екені дәлелденді. Тергеу олардың 18 бен 22 жас аралығындағы Жаңаарқа мен Қарағанды қаласының тұрғындары екенін анықтады. Қазір күдіктілер уақытша ұстау изоляторында, іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр», – деді Ұлытау облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Оқи отырыңыз: Еліміз бойынша 2334 ауыл әкімі сайланды