Маман тапшы: Түркістан облысындағы ірі өндіріс орындарында станоктар бос қалуы мүмкін

04.03.2026 21:42

Облыс колледждерінде 16 мың студент білім алғанымен, соның 40 пайызы ғана жұмысқа орналасуға ниетті

Түркістан облысындағы ірі өндіріс орындары жұмысшысыз қалудың алдында тұр. Өңірдегі агроөнеркәсіп пен энергетика саласында мамандар тапшы, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Жарты жылдан соң станоктар қаңырап бос қалуы мүмкін. Себебі оның тілін білетін, тетігін меңгерген маман зейнетке кеткелі отыр. Есенгелді Жанысбаевтың өндірісте тер төккеніне биыл – 44 жыл. Алты айдан соң құрметті демалысқа шығуы тиіс маман жиған тәжірибесін үйрететін ізбасар таппай дал. Айтуынша, жастар жағы қара жұмысқа тұрақтамайды.

«Бес адам келсе, екеуінің икемі болады. Қызықса үйрету өте оңай», – деді  жұмысшы Есенгелді Жанысбаев.

Тамшылатып суару техникаларын шығаратын кәсіпорында Есенгелді секілді зейнет жасындағы бірнеше жұмысшы амалсыздан еңбек етіп жүр. Бүгінде мұнда 25 маман жетіспейді. Зауыт басшылығы тіпті дипломы жоқ жастарды да қабылдап, іс басында үйретуге дайын.

«Дипломы жоқ кісілерде керек. Олар жинақ цехына, жөнелту алаңына жібере аламыз. Ал дипломы бар мамандарды арнайы құрылғыларға опертор ретінде қойып жатырмыз. Бізге жас мамандар қажет. Олардың меңгеруі өте тез», – деді компания басшысының орынбасары Әбілбек Әбілов.

 Мәселенің төркіні тереңде. Облыс колледждерінде 16 мың студент білім алғанымен, соның 40 пайызы ғана жұмысқа орналасуға ниетті. Қалғандары басқа салаға кетіп қалады. Соңғы екі жылда өңірде 32 жаңа жоба іске қосылып, 2 мың жұмыс орны ашылды. Демек, сұраныс ұсыныстан әлдеқайда жоғары.

«Білім басқармасына қарасты мемлекеттік колледждерде беріліп жатқан мамандықтардың тізімі анықталды. Ал жоқ мамандықтарды заң талаптарына сәйкес ашуға ұсыныс береміз. Ашқаннан кейін студенттерміз соған түсіп, әрімен қарай жұмысқа тұруына, еңбек балансын сақтау үшін жұмыс жасап жатырмыз», – деді облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қозыханұлы.

 Түркістанда индустрияландыру қарқыны бәсеңдемек емес. Биыл тағы 77 инвестициялық жоба іске асып, бір жарым мың адамға жұмыс табылады. Алайда заманауи өндіріс орындарына жай ғана дипломы бар емес, тетіктің тілін түсінетін, технологияны меңгерген білікті мамандар қажет.

Оқи отырыңыз: Отандық өндірушілер өгейдің күнін кешіп отыр - Аманжол Әлтай