Мектеп директоры талапқа сай келмейтін, ескі көліктерімен конкурсқа қатысқан кәсіпкермен келісімшарт жасаған
Маңғыстау облысы, Шетпе ауылындағы оқушыларды тасымалдауға автобус жетіспейді. Себебі балаларды мектепке жеткізетін көлік саны жоспарға сай емес. Ауыл тұрғындары оқушылардың қауіпсіздігіне алаңдап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оқушылардың қоғамдық көлікке сыймай қалуына бірден бір себеп ауылдағы мектептің біреуі оқу жылы басталуына 10 күн қалғанда апатты деп танылып, жабылып қалған. Нәтижесінде балалар басқа мектептерге қатынауға мәжбүр болыпты. Тасымал ұйымдастырылғанымен, ата-аналарды қуанта қоймапты. Себебі автобус саны аз, бала саны көп, оқушылар кептеліп барады екен.
«Автобусқа балалар сыймай қалады. Үйдің қасынан кіріп-шығып жүрген балаларға қатынау қиын болды», – деді ауыл тұрғыны Жадыра Оспанғалиева.
Арнайы конкурс жарияланып оқушыларды мектепке тасымалдайтын жеңімпаз анықталды. Алайда мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған техникалық сипаттамада оқушыларды 2016 жылдан кейін шығарылған автобустармен тасымалдау міндетті екені көрсетілген. Соған қарамастан, мектеп директоры талапқа сай келмейтін, ескі көліктермен конкурсқа қатысқан кәсіпкермен келісімшарт жасаған. Конкурстың құны да аз емес, 30 млн теңге.
«Конкурсқа кім түсіп жатыр, қалай түсіп жатыр, қандай суммамен түсіп жатыр? Біз көре алмаймыз. Портал жеңімпазды протоколмен шығарып береді. Балалардың қауіпсіздігі бірінші орында болғандықтан, көлік 2016 жылғы болуы керек деп көрсеттік. Автобустың саны көрсетілмеді, тек 953 бала саны айтылды. Бұл кісі 10 автобуспен келді», – деді №7 мектеп лицейінің директоры Назым Есболаева.
«Автобустар мектепке ауадай қажет» деген білім ордасының директоры мәселені жуық арада реттейтінін айтты. Оқушылардың тасымалын қолына алған кәсіпкер де 10 күн ішінде, ескі автобустарды жылы, жаңа көліктерге алмастырамын деп уәдәсін үйіп төкті. Ал білім басқармасы конкурстың өтуі мен талапқа сәйкестігін аудит департаменті жүргізуі тиіс деп отыр.
Оқи отырыңыз: Таразда қос әкімдік қызметкері сотталды