Аймақ басшысы көпшілікті тазалық мәдениетін ұстануға шақырды
Маңғыстау облысындағы демалыс орындарында қызмет көрсету саласы ақсап тұр. «Басты міндет – турист тарту» деген өңір басшылығы мәселеге көңіл бұрғанымен, түйткілді шешуді ұмытып кеткен сыңайлы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Аптап ыстықта теңізге шомылатындардың да қарасы көп. Ал демалушылар артқан сайын мұндағы мәселе де көбейеді. Өңірдегі арнайы орындарда қоғамдық дәретхана мен жуынатын орын жетіспейді. Ал бар әжетхананың есігі жабық, жуынайын десең су жоқ. Қоқыс жәшіктерінің жетіспеуішіліген жағажай ластанған.
«Суға түсетін жерде қоқыс жәшігі жоқ. Жан-жақтан келген адамдар, туристер қоқысты дәл осында тастау керек екенін біле бермейді. Әжетхана, шайынаныт орын жоқ», – деді қала тұрғыны Қуаныш Қасымов.
Ал шенділердің айтуынша, Ақтаудағы жағажайда қоқыс жәшіктері толып тұрса да, демалушылар қоқысты отырған жерінде қалдырып кетеді. Сол себепті Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай қолына қолғап киіп, аптаның басында қоқысты жинауға өзі кірісіп кетіпті. Аймақ басшысы көпшілікті тазалық мәдениетін ұстануға шақырды.
«Амалдың жоқтығынан әріптестерімізбен теңіздің жағасын тазалауға шығып отырмыз. Әйтпесе сенбілік деген жоспарда болған жоқ. Келетін меймандар, кейбір тұрғындар демалып болғаннан кейін, қоқыс қалдықтарын тазаламай кетеді», – деді Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай.
Өңірге турист шақыру, инвестор тарту – Президенттің басты тапсырмасы. Ал келетін мейманның алдымен аймақ тазалығына мән беретінін жергілікті билік ұмытпаса дейсің. Облыс әкімі жағдайды жіті бақылауда ұстап отыр. Ал мәселе ретке келмесе, өңір абыройы қыл үстінде қалмақ.
Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Ақтаудан
Оқи отырыңыз: Түркістан облысында заңсыз балық аулағандар сотталды