Маңғыстауда 10 жастағы қызды автобус қағып өлтірді

10.07.2025 14:29

Автобус қыз баланы жаяу жүргіншілер жолынан өтіп бара жатқан кезде қаққаны анықталды

Маңғыстаудағы Мұнайлы ауданында қоғамдық көлік 10 жастағы қызды қағып кетті. Жасөспірім оқиға орнында тіл тартпастан көз жұмған, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Кейіннен анықталғандай, автобус қыз баланы Есмамбет көшесіндегі жүргіншілер жолынан өтіп бара жатқан кезде қағыпты.

Куәгерлердің айтуынша, жүргізуші тежегішті баспаған. Қазір рөлде болған азамат уақытша ұстау изоляторында. Ал автобус айыптұраққа қойылды.  

«Қоғамдық көлік жүргізушісі Е. жол қозғалысы ережелерін сақтамай, реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан жасөспірімді қағып кеткен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан дене жарақатын алған қыз оқиға орнында қаза тапты. Жүргізушіге ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігі бойынша тергеу басталды. Қоғамдық көлік айыптұраққа қойылды», - деді Мұнайлы аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Батырхан Сындаров.

Оқи отырыңыз: Алматыда Қала күніне орай Backstreet Boys тобының концерті өтеді