Маңғыстауда білім бөлімінің маманы 60-қа жуық ата-ананы алдап кеткен

04.12.2024 16:21

Әдіскер әр ата-анадан әр түрлі сомада ақша жинап, уәдесінде тұрмаған

Маңғыстауда білім бөлімінің маманы ата-аналарды алдаған. 60-қа жуық баланы лагерьге жібереміз деген әдіскер көпшіліктен қыруар қаржы жинап, ұшты-күйлі жоқ боп кетіпті. Ал аудандық әкімдік жағдайдан бейхабар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әдіскер әр ата-анадан әр түрлі сомада ақша жинаған. Бірінен 25 мың теңге алса, кейбірінен 40 мың теңге сұрапты. Бұл қаржы оқушының жолына жұмсалады делінген. Алданғандардың қатарында әлеуметтік аз қамтылған отбасылар да бар. Олар шығынымыз шаш етектен деп отыр.

"Біресе "мектебіңізден бір ақаулар шығып жатыр» деді. Тағы бірде "атам қайтыс болды, соның шаруаларымен жүрмін, сіздерді тіркей алмай қалдым, келесіде міндетті түрде тіркеймін" деді. Енді бірде "балам шетінеп кетті" деді, әйтеуір, не керек, сондай сылтаулары бітпеді. Тек лагерь үшін 55-60 мың теңгедей кетті. Балама алыдмен жаздық киім алдым, одан кейін күздік киімін алдым, одан кейін қыстық киімін алдым. Лагерге жұпыны болып бармасын дедім", - дейді ата-ана Эльмира Әнетова.

"Біз оларға сендік. Ақшаны сол күні аударыңдар деп аудатрып алды. 40 мың теңгеден екі балаға 80 мың теңге ақша аудардым. Сенімхат жасаттым, медтексеруді дайындадым, жолға дайындадым. Одан кейін де күттім. Мамыр айынан бері келе жатқан былық екен", - деді ата-ана Айнұр Құрманова.

Ал аудандық білім бөлімінің басшысы жиналған ата-аналармен кездесуге келіп, әдіскердің алаяқтық жасағанын бүгінге дейін білмедім деп ақталды. Шығын көлемі де жергілікті билік өкіліне белгісіз.

"Жалпы облыс бойынша әр ауданға берілетін квота бар, бұл сол квотадан асып, ешкімге білдіртпей, өзі астыртын чат құрып, сол ата-аналардан алаяқтықпен ақша жинаған, бірақ ешқандай баланы лагерге жібермеген. Енді біз құзырлы органға шағымдандық, солар айналысады, ата-аналардың бәріне сол ақшаны қайтарып беру үшін жұмыс істейміз", - деді Түпқараған аудандық білім бөлімінің басшысы Айбаршын Өтесбаева.

Өкініштісі, алаяқтың арбауына түскен ата-аналар өте көп. Бір емес, өңірдегі 10 мектептің өкілдері әдіскерге қалай алданып қалдық деп сан соғады. Қазір шағымданушылар құзырлы органға ресми арыз жазып, істің ақ-қарасын ажыратуға кіріскен.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, AlmatyTV, Маңғыстау облысы

Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында мектеп асханаларынан жүзге тарта кемшілік анықталды