Әлеуметтік желіде тұрғындар түсірілген видео тарады
Мұнай қалдықтары жерге төгіліп жатыр. Осылай деп дабыл қаққан маңғыстаулық тұрғын бірнеше фото-видео материалды әлеуметтік желіге жүктеген, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Оның айтуынша, өңделген қалдықтар Бейнеу ауданына қарасты Боранқұл елдімекенінің маңында төгіліпті. Кадрда белгілі бір компанияға тиесілі аумақтың базасы көрсетілген. Ал аталған мекеме расында қауіпті мұнай қалдықтарын жоюмен айналысатын болып шықты. Бұл мәселеге қатысты өңірдегі Экология департаменті қауіптің бар-жоғын анықтаймыз деп жауап қатты.
Компания өкілдері де резонанс тудырған фото-видеоматериалға қатысты жауап берді. Алайда олар бейнежазбада көрсетілген қалдықтарға қатысымыз жоқ деп отыр.
«Әлеуметтік желіге тарағаннан кейін департамент облыстық прокуратурамен бірлесіп кезектен тыс тексеру ашатын болады. Бәрін анықтап алдағы уақытта қорытындысын береміз», - деді облыстық экология департаментінің басшысы Армат Жүсіпқалиев.
Оқи отырыңыз: Қызылордада аурухана есепшісі 129 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді