Мұнайлы ауданына қарасты Атамекен ауылында жер астынан шығатын су бар
Маңғыстаудың Мұнайлы ауданына қарасты Атамекен ауылында 7 үй суға кетті. Мұнда толассыз жауған қар еріп, ылғал баспананың ішіне дейін өтіп кеткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Атамекен ауылының мұндай жағдайға тап болуы бірінші рет емес. Өйткені мұнда жер астынан шығатын су бар. Кешегі қар мен жаңбырда ауылдағы 13 үйдің ауласына су толып, жетеуінің ішіне дейін кіріп кетіпті. Осы ауылда 25 жылдан бері тұратын Жұмағали Қонысов үй ішінде етікпен су кешуге мәжбүр. Тұрғын бұл жағдайды су ағардың жоқтығымен байланыстырады.
«Шынымды айтайын, күніне 1-2 машина су сорғызамын. Қайда көшемін? Көшетін жер жоқ», – деді Атамекен ауылының тұрғыны Жұмағали Қонысов.
Тұрғындар бұл мәселе үш жыл бұрын басталғанын айтады. Жергілікті билік ағын суды көлге қарай ағызатын дренажды жүйе орнатамыз деп, көшені қырып батпаққа айналдырған. Ал орнатқан құрылғысы екі күннің бірінде істен шығады.
«Үш машина су сорады. Екі сағаттан кейін қайтадан су толады. Жер астының суы үстіне шығып жатыр. Бала-шағаны үйде қалдырып, ешқайда кете алмаймыз. Артық ақша жоқ, сатып жіберетін мүмкіндік болмай тұр, – деді Атамекен ауылының тұрғыны Марал Аманиязова.
Қырық үш мың халқы бар ауылға былтыр 14 дренажды құрылғы орнатылған. Десе де мәселе мұнымен шешілмеді. Енді шенділер жер асты суын кәріз жүйесі арқылы жіберуге жоба дайындап жатыр.
«Кәріз желісі дренажды жүйесімен бірге жобалық-сметалық құжатта жасалған. Сәуір айының ортасына дейін сараптамадан оң қорытындысын аламыз деп жоспарлап отырмыз. Оның құны – 4 млрд теңге, – деді Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары Нұрхан Мұстафаев.
Қазір әкімдіктегілер ауылдағы батпаққа айналған көшелерге құм аралас тас төсеп, 21 көшені жақын күндері ретке келтіреміз деп отыр. Уәде іске аса ма, әлде сөз жүзінде қала ма, мұны уақыт көрсетеді.
Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Маңғыстау облысы
Оқи отырыңыз: Елімізде есірткі бизнесін ұйымдастырушыларға жаза күшейтілді