Облыста 43 ветеринариялық пункт пен 1 станцияның құрылысы жүріп жатыр
Маңғыстауда ветеринария қызметі 53 жаңа автокөлікпен толықты. Сондай-ақ сала мамандарына қажетті арнайы техникалар мен құрал-жабдықтар табысталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл үшін жергілікті бюджеттен 1 млрд теңге бөлінген. Ветеринарлық парктің техникасы араға 12 жыл салып жаңарып отыр. Енді мал дәрігерлерінің жұмысы жеңілдеп, ауылдағы төрт түлікке тезірек көмек көрсетіледі деген сенім бар.
«Көлік пен құрал-жабдықтарды алдық. Енді әріптестеріміз болашақта жақсы жұмыс жасауға, халқымыздың биологиялық қауіпсіздігін сақтауға, әртүрлі аурулардың, соның ішінде мал ауруларының алдын алуға, вакциналармен жұмыс істеуге ыңғайлы және қолайлы деп есептеймін», – деді Ақшымырау ауылының ветеринары Орал Шалабаев.
Облыста 43 ветеринариялық пункт пен 1 станцияның құрылысы жүріп жатыр. Тағы 2 бекет толық жөндеуден өтуде. Жаңа нысандар жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың нәтижесінде соңғы үш жылда мал дәрігерлерінің жалақысы екі есеге өссе, келер жылы тағы 150 пайызға артпақ.
Оқи отырыңыз: Бірнеше жұмысты қатар алып жүруге тыйым салынуы мүмкін бе