Маңғыстаулықтар оқушыларды мектепке тасымалдайтын автобусты қайтаруды талап етіп отыр

02.09.2025 20:29

Көпшілікпен кездесуге аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы келді

«Оқушыларды мектепке тасымалдайтын автобусты қайтарсын». Маңғыстаудағы Батыр ауылының тұрғындары балаларының білім ордасына жаяу қатынауына қарсылық білдіріп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Білім күні басталысымен Мұнайлы ауданы, Батыр ауылында оқушылардың ата-аналары шу шығарды. Олар балаларды мектепке тасымалдау қызметінің қолжетімсіз болып қалғанына наразы. Қаңғыбас иттерден, көшедегі күдікті адамдар мен қатты жылдамдықпен жүретін көліктерден үрейленіп отырған бір топ ата-ана ауыл әкімдігі алдына жиналып, тасымалды кері қайтаруды талап етті.

«Батыр ауылында бұрын 2 мектеп болды. Ол екі мектепке оқушыларды автобуспен тасымалдап жүрді. Биыл қосымша 2 мектеп ашылып, 4 мектеп болды. Ара қашықтық 3 шақырым шықпайды деп, көлікті тоқтатып тастады. Бірақ заңға сүйеніп, 3 шақырымды айтады, еліміздің басты құндылығы – адам ғой,баланың қауіпсіздігі бар. Ертең ит талап, мүгедек болып жатса, кім жауап береді?» – деді Батыр ауылының тұрғыны Әлімбек Мұхамеддинұлы.

 «Жан-жақта ит көп. Балаларымызды сабаққа жібере алмаймыз. Себебі келіншекті ит тісеп ала жаздады. Үйінен ешкімде шыққан жоқ. Ертең соның бәріне кім жауап береді?» – деді Батыр ауылының тұрғыны Бибігүл Жанбаева.

Көпшілікпен кездесуге аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы келді. Ол жағдайды барынша түсіндіруге тырысты. Оның айтуынша, министрліктің №515 бұйрығына сәйкес, мектеп тұрғылықты жерден 3 шақырымнан аспайтын болса, тасымал ұйымдастырылмайды. Сол себепті аудандық білім бөлімі ауылдағы 3 білім мекемесіне тасымалды тоқтатып, елдімекен шетінде тұратындар үшін 1 оқу ошағына 5 автобус бөліп отыр.

 «Ата-ана баланы мектептің есігіне дейін кіргізуге жауапты болып есептеледі. Ал мектептің ішіндегі қауіпсіздігіне мектеп, мектеп әкімшілігі, білім бөлімі жауап береді», – деді  Мұнайлы ауданы бойынша Білім бөлімі басшысының м. а. Сағатбек Жұбанов

Көпшілік мәселені соңына дейін жеткізуге бекініп отыр. Егер түйткілдің түйіні тарқамаса, балаларды мектепке жібермейтінін айтты. Ал бөлім басшысының міндетін атқарушы аталмыш мәселені тағы бір пысықтап, ішінара болса да балаларға тасымал ұйымдастыруға тырысатынын жеткізді.

Жасұлан Мұқан, Мақсат Күнібек, Маңғыстау облысы

Оқи отырыңыз: Таразда мектеп оқушысы пышақ жарақатынан қаза тапты