Маңғыстау облысында ауыл тұрғындары жолға асфальт төсеуді талап етіп отыр

Ауылда көліктер батпаққа батып, балалар мектепке жете алмай қиналады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Маңғыстау облысы, Атамекен ауылына тас жол керек. «Темірсу» тұрғын үй массивінің ел болып құрылғанына талай жыл толса да, ауылда асфальт жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv.

Маңғыстауда қар мен жаңбыр жауса, Мұнайлы ауданы, Атамекен ауылының тұрғындары әбігерге түседі. Мұнда көліктер батпаққа батып, балалар мектепке жете алмай қиналады. Жолы нашар, көшесі лайға айналатын Темірсуға таксиде келмейді.

«2024 жылы өз қаражатымызға көшемізді тегістедік. 2025 жылы ағымдағы жөндеу жұмысын жасады, қиыршық тас төседі. Бірақ содан кейін жолдың сапасы мүлде жарамсыз болды.  Әкімдікке талай мәрте жиналыс болды, бұл жерге асфальт төселу керек», – деді ауыл тұрғыны Зухриттин Әбілакимов.

«2026 жылы жолды жөндейміз деген. Енді келесі жылға ысырып жатыр. Басқа жердің бәрін асфальт төселген», – деді ауыл тұрғыны Әниса Жиенқұлова.

Жергілікті әкімдік бұл мәселеден хабардар. Жалпы Темірсу алабы қарайтын Атамекен ауылдық округінің тек 40 пайызында ғана тас жол төселген. Яғни 11 тұрғын үй массивінің тек бесеуінде асфальт төселген.

 «Қазір 6 тұрғын алабында жолдарды асфальттау жұмыстары жоспарланған. «Көктем» және «Болашақ» тұрғын алаптарында кәріз жүйесі жүргізілуіне байланысты жұмыстар уақытша тоқтатылды. Ал «Шағала», «Арман» және «Темірсу» тұрғын алаптары бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Биыл асфальт төсеу жұмыстары жоспарланып отыр», – деді Атамекен селолық округі әкімінің міндетін атқарушы Әнет Кемежанов.

Жолдың жыры бітпейінше, ауылдағы жұрт соңына дейін барамыз деп бекініп отыр. Ал әкімдіктегілер жыл соңына дейін тас жол төселеді деп уәде етті.

Оқи отырыңыз: Су тасқынының алдын алу: өңірлерде қандай жұмыстар атқарылды

Новости партнеров