Марат Бәшімов депутаттық сауал жолдады
Өскемен қаласында атмосфералық ауаның ластану деңгейі қауіпті шекке жетті. Қазір өңірде ауа құрамындағы күкіртсутегі мен күкірт диоксидінің мөлшері рұқсат етілген нормадан 3,6 есе жоғарылаған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Осыған байланысты Мәжіліс депутаттары экологиялық жағдайға алаңдаушылық білдіріп, тұрғындардың денсаулығына төнген қатерге назар аударды. Отырыста депутат Марат Бәшімов Өскемендегі экологиялық ахуалдың ұзақ уақыт бойы ушығып келе жатқанын айтып, уәкілетті органдарға депутаттық сауал жолдады. Оның сөзінше, жағдай уақытша немесе маусымдық құбылыс емес, қала тұрғындарының өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретін жүйелі ластану көрінісі. Ауа сапасының күрт нашарлауына байланысты қаладағы кейбір мектептердің қашықтан оқыту форматына көшіріліп, созылмалы ауруы бар азаматтардың жағдайы қиындағаны да айтылды.
«Өнеркәсіптік қала тұрғындары күн сайын қауіпті ауамен тыныстауға мәжбүр болып отыр, алайда мемлекет тарапынан лайықты өтемақы да, жүйелі қолдау да көрмей келеді. Бұл жағдай халықтың орынды наразылығын туғызып, жүргізіліп жатқан экологиялық және әлеуметтік саясатқа деген сенімді әлсіретеді. Дамыған және индустриялық елдерде мұндай мәселелер мүлде басқаша шешіледі. Еуропалық одақ елдерінде ауа ластануы рұқсат етілген шектен асқан жағдайда экологиялық дабыл режимі автоматты түрде енгізіледі. Өнеркәсіптік кәсіпорындардың жұмысы уақытша шектеледі, ал тұрғындарға қосымша әлеуметтік және медициналық кепілдіктер беріледі», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Марат Бәшімов.
Оқи отырыңыз: Конституция жобасы спорт саласындағы адам капиталын дамытуға құқықтық негіз қалыптастырады