Маңғыстауда құрылыс компаниясы азаматтардан заңсыз ақша жинаған

03.12.2025 14:57

Заңсыз жиналған ақшаның жалпы көлемі 303 млн теңгеден асқан

Маңғыстауда құрылыс компаниясы рұқсатсыз үй салып, азаматтардан заңсыз ақша жинаған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, мекеме басшылығы 2 жыл бойы Жаңаөзен қаласында «Astana Rich Village» тұрғын үй кешенінің құрылысын жобалық-сметалық құжатсыз және мемлекеттік сараптамасыз жүргізген. Азаматтарды тарту үшін олар пәтерлердің нарықтан әлдеқайда төмен бағамен сатылатыны жайлы жарнама жариялаған. Соның нәтижесінде 23 тұрғынмен жалған алдын ала сатып алу-сату келісімдері жасалыпты. Заңсыз жиналған ақшаның жалпы көлемі 303 млн теңгеден асқан. Бұл қаражат қағаз жүзінде құрылыс материалдарын сатып алуға жұмсалған деп көрсетілген, алайда тексеру нәтижесінде оның компания кассасынан қолма-қол алынғаны белгілі болды. Шын мәнінде ол қаржы басшылықтың жеке қажеттілігіне жұмсалған.

«Залалды өтеу және жәбірленуші үлескерлердің мүдделерін қорғау мақсатында сот санкциясымен күдіктілерге тиесілі мүлікке  тұрғын үй, пәтер, 2 автокөлік және 3 жер учаскесіне тыйым салынды. Күдіктілердің бірі қамауға алынды, екіншісіне бұлтартпау шарасы ретінде кепіл қолданылды», – деді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан.

Оқи отырыңыз: ШҚО-да психотроптық заттарды сатумен айналысқан азамат ұсталды