Маңғыстауда құрылысшы алтыншы қабаттан лифт шахтасына құлап кеткен

04.12.2025 21:51

Қазір оқиғаның себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды

Көрнекі фото: Аlmaty.tv

Маңғыстау облысында 20 жастағы жұмысшы лифт шахтасына құлап көз жұмды. Оқиға 4 қарашада Мұнайлы ауданының Бешшоқы ауылындағы құрылыс орнында болған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Еңбек инспекциясының мәліметінше, құрылыс компаниясы ақпаратты дер кезінде жеткізбеген, инспекция оқиға туралы полиция мәліметтерінен кейін ғана білген.

«Алдын ала деректерге сүйенсек, жұмысшы алтыншы қабатта тұрған кезде құм толы астауды кранмен көтеру жұмысы жүріп жатқан. Астау еденге қойылған сәтте жас жігіт шегінбек болған, сөйтіп тепе-теңдігін жоғалтып, аңдаусызда ашық тұрған лифт шахтасына құлап кеткен», - делінген хабарламада.

Жедел жәрдем 20-30 минутта жеткенімен, жұмысшыны құтқару мүмкін болмады.

Қазір оқиғаның себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Тергеу барысында еңбек қауіпсіздігі талаптарының бұзылған-бұзылмағаны тексерілетін болады.

Қаза тапқан жас жігіт «Сариев С.Ж.» жеке кәсіпкерлігінде жұмыс істеген. Компания «AN-GroupM» құрылыс нысанында мердігер ретінде жұмыс атқарған.

Оқи отырыңыз: Биыл Алматы облысында жол апатынан 166 адам қаза тапты