Мамандар қажетті сынамаларды алып, зертханаға жіберді
Маңғыстау облысының Бейнеу ауылында бір кеште 120-дан астам қой мен ешкі қырылып қалды. Оқиғадан кейін ветеринар мамандар шұғыл тексеру жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алдын ала болжам бойынша, мал уланған болуы мүмкін. Оқиға орнына аудандық полиция мен аумақтық инспекция өкілдері барып, жағдайды анықтады. Он шақты үйдің қорасынан жалпы саны 126 түліктің өлексесі табылған.
Мамандар қажетті сынамаларды алып, зертханаға жіберді. Сонымен қатар мал суарылған бірнеше жердегі судың сапасы тексеріліп жатыр. Малдың нақты неден қырылғаны зертханалық сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады.
Қырылған малдың өлекселері арнайы белгіленген орындарға жеткізіліп, жойылған. Мал тұрған қораларда дезинфекция жұмыстары жүргізілді.
– Өлекселер бойынша Бейнеу ауылының әкімшілігі тарапынан көмек көрсетіліп, бірге арнайы белгіленген шұңқырларға апарып, көміліп, өртеліп, жойылды. Содан кейін қой тұрған қоралардың барлығы арнайы дезинфекциялық ерітіндімен залалсыздандырылды. Малдың шөптен бе, судан ба, әлде басқа нәрседен қырылғанын зертхана қорытындысы анықтайды. Енді соны күтетін боламыз, – деді Бейнеу аудандық ветеринариялық станциясының басшысы Нұралы Сәдіғұлов.