Құтқарушылар екі күннен бері теңіз бен жағалауды жіті тексеріп жатыр
Маңғыстау облысында теңіз жағасында туған күнін атап өтпек болған 18 жастағы жігіт жоғалып кетті. Ол Ақтау қаласынан 46 шақырым жердегі Каспий теңізінің жағалауына достарымен бірге шомылуға барып, сол күйі үйіне оралмаған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Құтқарушылар екі күннен бері теңіз бен жағалауды жіті тексеріп жатыр. Іздестіру жұмыстарына 53 құтқарушы, 6 арнайы техника және 3 қайық жұмылдырылған. Сонымен қатар теңіз түбін 10 сүңгуір тексеріп, әуеден жағдайды бақылауға 8 дрон тартылған.
«Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамы жұмыс жүргізіп жатыр. Іздестіру жұмыстарына сүңгуірлеріміз, сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқаратын мамандар жұмылдырылды», – деді Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Ерлан Сұлтанмұратов.
Құтқарушылардың мәліметінше, іздеу жұмыстары тәулік бойы жалғасып жатыр.
Жалпы, жыл басынан бері Маңғыстау облысында 11 адам суға кеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен бірдей. Мамандар өңірде шомылуға тыйым салынған 10 орын бар екенін ескертіп, тұрғындарды судағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда заңсыз қосымша отын бактарына бақылау күшейтілді