Маңғыстауда үш баласы газдан уланып көз жұмған 51 жастағы әйел нәрестелі болды

22.11.2026 17:54

Отбасы биыл қыркүйек айында 13 жастағы ұл баланы да асырап алған

lada.kz

Маңғыстау облысында қайғылы оқиғадан үш баласынан айырылған ерлі-зайыпты ЭКО бағдарламасы арқылы тағы бір перзент сүйді. 51 жастағы Күмісай Пәлекеева қыз баланы дүниеге әкелді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Lada.kz-ке сілтеме жасап.

«Ана мен бала» облыстық перинаталдық орталығының мәліметінше, сәби 17 қарашада өмірге келген. Туған кездегі салмағы – 3400 грамм, бойы – 52 сантиметр. Нәресте кесарь тілігі арқылы дүниеге келді. Ота жасаған дәрігер – Жапырақ Епенова. Медициналық мамандардың айтуынша, жүктілік кезеңі жеңіл өткен. Қазір ана мен баланың жағдайы жақсы.

Күмісай Пәлекееваның айтуынша, ол жасына байланысты қайтадан ана атана алатынына бастапқыда сенбеген. Алайда дәрігерлердің қолдауының арқасында ерлі-зайыпты тағы да ата-ана болу қуанышын сезінді. Қыздың есімін әкесі таңдап, оған Ария деген ат қойған.

«Үйіміз бос қалған соң, ең болмаса ЭКО арқылы бала көтеріп, дүниеге сәби әкелуді ұйғардым. Қасымда сүйеніш болатын, қамқорлығымды қажет ететін балам болса, өмірге деген құлшынысым артар еді», – дейді Күмісай.

Айта кетейік, отбасы биыл қыркүйек айында 13 жастағы ұл баланы да асырап алған.

Еске салайық, өткен жылы Мұнайлы ауданының «Қаламқас» тұрғын алабында газдан улану салдарынан ерлі-зайыпты үш баласынан айырылған еді. Қайғылы оқиғадан кейін олар 1995 жылы туған қызынан, 2009 жылы туған ұлынан және 2012 жылы туған қызынан айырылған. Осы жағдайдан соң отбасыға экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКО) процедурасынан тегін өтуге сертификат берілген.

Оқи отырыңыз: Бүйрек саулығын сақтау үшін кешкі астан кейін қандай сусын ішкен дұрыс

Толық көрсету