Маңғыстаудағы әскери қызметшілердің қазасына қатысты 300-ден астам адамнан жауап алынды - Бас прокуратура

05.11.2026 13:40

Тергеу барысы Бас прокуратураның ерекше бақылауында

Depositphotos.com

Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу органдары Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табу дерегі бойынша қылмыстық істі тергеуді жалғастырып жатыр, 

Қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтау үшін кешенді тергеу әрекеттері жүргізілді. Қазірге дейін 300-ден астам адамнан жауап алынып, 30-дан астам сот сараптамасы мен зерттеу жүргізілді.

Еске сала кетейік, тергеу барысында қызметке салғырт қарады және кеме жүргізу қағидаларын бұзды деген күдікпен 8 лауазымды тұлға сот санкциясымен қамауға алынды. Олар – Қарулы Күштердің Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, оның бірінші орынбасары мен жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары, екі әскери бөлімнің командирлері, теңіз жаяу әскері батальоны мен ротасының командирлері, сондай-ақ катер капитаны.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге деректерін жария етуге болмайды. Жақын арада тергеу әрекеттерін аяқтап, қылмыстық процеске қатысушыларды іс материалдарымен таныстыру жоспарланып отыр.

Тергеу барысы Бас прокуратураның ерекше бақылауында.

Оқи отырыңыз: Ақтауда борышкерлерден 135 млн теңгеден астам қаражат өндірілді

Толық көрсету