Маңғыстаудың орнында Тетис мұхиты болған ба: ғалымдар маңғаз даланың тылсым сырын ашты

Зерттеу барысында акулалардың тістері, кәдімгі киттің қабырғасы мен әртүрлі ұлудың тастары табылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Маңғыстау даласынан акулалардың тістері, кәдімгі киттің қабырғасы мен әртүрлі ұлудың тастары табылды. Бұл – Швециядан арнайы маңғаз өлкеге барған ғалым, палеонтолог Штефан Киль мен Есенов университеті студенттерінің бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесі. Палеонтологиялық олжалар мамандарға Маңғыстаудың геологиялық тарихын тереңірек тануға мүмкіндік берді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Отыз жылдан бері зерттеумен айналысып жүрген швециялық ғалым Штефан Киль «Маңғыстау даласы тағы бір тылсым сырын ашты. Палеонтологиялық олжалар миллиондаған жыл бұрын өңірді көне Тетис мұхиты алып жатқанын көрсетеді» дейді. Сонымен қатар өлкеде киттен де үлкен сүткөректінің сүйектері, әртүрлі ұлу тастары мен тасбақаның бөліктері кездескен. Оның айтуынша, бұл Маңғыстаудың геологиялық тарихын тереңірек тануға мүмкіндік береді.

«Бұл – палеонтологиялық олжа. Миллиондаған жылдар бұрын қазіргі Маңғыстау аумағын алып жатқан көне Тетис мұхитының табиғи тарихынан сыр шертетін аса құнды ғылыми жаңалық. Акула тістері өңірдің геологиялық өткені мен ежелгі теңіз экожүйесін дәлелдейді. Бұл жаңалық халықаралық ғылыми қауымдастық үшін де маңызды», – деді палеонтолог, ғалым Штефан Киль.

Зерттеу барысында киттің қабырғасы, теңіз жұлдызы мен түрлі моллюскалар да табылған. Мамандардың пікірінше, барлығы ежелгі мұхитта тіршілік еткен теңіз организмдерінің қалдықтары. Университет мамандарының айтуынша, мұндай зерттеулер студенттердің ғылымға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, өлкенің бай тарихын тереңірек тануға мүмкіндік береді.

«Емір ауылының қасы, Кендірлі ауылының аумағынан неоген, полеоген кезеңіндегі өмір сүген органиканизмдерді тауып алып, зерттеу жасамақшымыз. Бізге дейін де акуланың тістерін турситер де тауып жүрді. Бірақ оларда ғылыми қызығушылық болмады деп ойлаймын. Біздің ерекшелілігіміз сол тістерді алып, бұрынғы мұхитты реконструкция жасау, полеографияны, полеоэкологияны қалпына келтіру», – деді Геология және мұнай-химиялық инжиниринг кафедрасының меңгерушісі Сезім Мұстапаева.

Ғалымдар алдағы уақытта да зерттеу жұмыстары жалғасатынын айтты. Себебі, Маңғыстаудың қатпар-қатпар жыныстарында әлі де талай тарихи құпияны бүгіп жатыр.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Ақтаудан

 

 

 

 

Новости партнеров