Маңғыстауда жүрек қан тамыры ауруларымен 4 мыңға жуық бала есепте тұр
Маңғыстауда жыл сайын 200-ден астам бала туа біткен жүрек ауруы диагнозымен республикалық орталықтарға барып, операция жасатады. Биыл 32 бала отаға жіберілген. Ал облыста кардиохирургтар тапшы. Десек те, жергілікті дәрігерлер жүрек сырқатымен туған нәрестелерді перзентханада-ақ анықтап, отаға жіберуді жолға қойыпты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ақтаулық Қазына Парахатованың 9 айлық қызына туа біткен жүрек ақауы диагнозы қойылған. Дәрігерлердің нұсқауымен сәбиге Астанадағы кардиохирургиялық орталықта операция жасалды. Ота сәтті өткен. Қазір бала жергілікті дәрігердің бақылауында, уақытылы тексеріліп тұрады.
«Екінші перзентімді 19 мамырда босандым. 20 наурызда кардиологтар туа бітті жүрек ақауы анықталды. Астанамен ота күні белгіленіп, тамыз айында операцияға бардық, өте сәтті өтті», – деді қала тұрғыны Қазына Парахатова.
9 жастағы Хадишаның да жүрегінде туа біткен ақау барын мамандар перзентханада білген. Сәбидің жүрегінің күре тамыры қысылып туған. Бірақ дәрігерлер ота жасау үшін баланың өсіп-жетілуін күтіпті. Алғашқы операция екі жыл бұрын жасалған. Алда елордада екінші күрделі ота күтіп тұр.
«Австралиядан кардиохирургия мамандары келіп жатыр. Менің қызыма сол кісілер күрделі операция жасауға дайындалып жатыр. Дәрігердің бәрі де жақсы қарайды», – деді қала тұрғыны Үміт Жалғасбаева.
Дүниежүзілік статистикаға сүйенсек, жаңа туған мың нәрестенің 10-15-сінде туа біткен жүрек ауруы тіркеледі. Ал Маңғыстауда жүрек қан тамыры ауруларымен 4 мыңға жуық бала есепте тұр.
«Туа біткен жүрек ақауын көпшілік жағдайда бала ауырған кезінде ауруханаға түскен кезінде анықтап отыр. Ал медициналық технологияның жақсаруына байланысты жаңа туған нәрестелерді перзентханада УДЗ-ға түсіріп, туа біткен жүрек ақауын алдын-ала анықтайды», – деді Маңғыстау облысы Көпбейінді балалар ауруханасының кардиологы Замира Артықбайқызы.
Аймақта балалар кардиохирургтары болмағандықтан ота тек Астана, Алматы және Ақтөбе қаласында жасалады. Биыл өңірден 32 бала операцияға жіберілген. Оның бесеуі шұғыл түрде санавиациямен жеткізілді.
Жасұлан Мұқан
Оқи отырыңыз: Жаңа мамандықтар атласы: авиация саласында қандай маман тапшы