Әжейдің үйінде 70 жылдық тарихы бар шәйнек те бар
Маңғыстау облысына қарасты Ақшымырау ауылының тұрғыны 80 жылдық тарихы бар ұршықты көзінің қарашығындай сақтап отыр. Өңірге кеңінен танылған шебер жас күнінде осы көне қолөнер құралымен жүн иіріп, бау-басқұр тоқыған. Оның кезінде өз қолымен жасаған киіз үй жабдықтары әлі күнге дейін сақталған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Балымжан Жұмабаева - Қызан ауылының тумасы. Бүгінде жетпіс беске келген ақ жаулықты ана бала кезінде үйренген қолөнерінің арқасында талай дүниені жарыққа шығарған. Осыдан елу жыл бұрын Ақшымырау ауылына келін болып түскен ол енесінен қалған ұршықты «көненің көзі» деп қастерлеп келеді.
«Мынаның басын сүйектен жасапты, сондықтан мұны "сүйекбас ұршық" дейді. Бау-шудың бәрін осы ұршықпен иіріп жасаймыз. Жүнді иіріп, ширатып, сосын бояймыз. Содан кейін барып мынадай етіп құрамыз. Мына өрнекті "сыңар мүйіз" дейді, екі беті бірдей шығады. Шешеміз "осыны меңгерген адам нағыз шебер болады" деп айтып отыратын. Мен бұл өнерді 5-сыныпта оқып жүргенде үйреніппін», — дейді шебер Балымжан Жұмабаева.
Әжейдің үйінде 70 жылдық тарихы бар шәйнек те бар. Соғыс жылдарында атасы сарбаздарға жылқы сайлап, ат баптауға көмектескен екен. Сол еңбегі үшін оған бірнеше ыдыс-аяқ сыйға беріліпті.
«Ол уақытта ыдыс-аяқ таптырмайтын еді. Мына шәйнек, қазан, табақтар — сол кезден қалған дүниелер. Содан бері ұстап келе жатырмыз. Қазір енді пайдаланбаймыз, газ бен тоқ келді ғой. Бірақ бертінге дейін қолдандым. Қазіргі келіндер ескі затты ұстағысы келмейді, сондықтан өзім сақтап жүрмін», — дейді Балымжан Жұмабаева.
Алты бала тәрбиелеп өсірген ақшымыраулық тұрғын өңірде шебер ретінде танылған. Ол өз қолымен жасаған ағаш үй жабдықтарын күтіп ұстап, дәстүрлі өнер туралы білгенін кейінгі ұрпаққа аманаттап отырады.
Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Президент Сауд Арабиясы корольдігінің Қазақстандағы елшісін қабылдады