Марқұмның атынан емделуге ақша жинап жүрген кім - тергеу басталды

Оңласын Асылбаева алаяқтардың жеке басы анықталып, заң алдында жазасын алуын талап етіп отыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысында әлдекімдер бұрын бақилық болған адамның атынан емделуге жұрттан ақша жинаған. Бұл туралы әлеуметтік желіден білген марқұмның анасы дел-сал күйге түсіп, есеңгіреп қалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Диас Қанатұлына 5 жыл бұрын "һ»бауыр циррозы» диагнозы қойылып, жеткіншек 3 жыл бойы жаман аурумен күрескен. Алайда былтыр марқұм ауруханада көз жұмды. Анасының сөзінше, бала ауырған уақыттарда емге ақша жиналғаны рас. Алайда Диас қайтыс болғанда оны да тоқтатқан. Бір жарым жыл өткеннен кейін желіден баласының суреті мен видеосын көргенде «төбеме жай түскендей күй кештім» дейді.

«Түн ортасында қызым «мама, мына видеоны қарашы» деп хабарласты. Өлген баламның атынан ақша жинап отыр. Баламның жанын қинап жатыр. Таң атқанша ұйықтаған жоқпын. Жатсам баламның бейнесі көз алдыма келеді. Не үшін жинайды, не үшін баламды шырқыратады? Мақұл, ауырып жатса, маған көмектесіп жинаған шығар дер ем», – деді облыс тұрғыны Оңласын Асылбаева.

Әлдекімдердің жариялаған бейнежазбасынан кейін марқұмның туыстары әлгі аккаунт авторымен байланысқа шығуға тырысқан. Бірақ еш жауап болмаған. Кейін Іле аудандық полициясына барып, арыз жазған. Қызығы бірер күннен кейін әйелге Түркістан облыстық Полиция департаментінен хабарласып, ақша жинағандардың жеке басын анықтап, әрі қарай шулатпауын өтінген.

«Біз таптық адамды, Сарығашта тұрған. Біз ол кісіні табамыз, есеп шоты бұғатталды. Диасымнан басқа 50 адамның видеосын жарнамалапты. Күдік бар.  Іле аудандық ПД хабарласқан жоқ. Маған бір тиын ақшасы керек емес. Бірақ  жауап берсін», – деді облыс тұрғыны Оңласын Асылбаева.

Ал Алматы облыстық Полиция департаменті аталған іс бойынша тексеріс жүргізіп жатқанын айтты.

«Аталған факті бойынша полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын толық, жан-жақты және объективті зерттеу мақсатында процессуалдық тексеру жүргізуде. Аталған жұмыстардың нәтижесі бойынша іске қатысты қолданыстағы заңнама аясында шешім қабылданатын болады», – деді Алматы облысы ПД ресми өкілі Ернар Сәйділдин.

Ұлының өліміне әлі күнге дейін көндіге алмай жүрген ана желіге тараған жалған ақпарат жығылғанға жұдырық болды дейді. Сондықтан Оңласын Асылбаева алаяқтардың жеке басы анықталып, заң алдында жазасын алуын талап етіп отыр.

Диана Тұрлыбек, Рашиддин Якупов

Оқи отырңыз: Тұншықтырып өлтіріп, ізін жоюға тырысқан: Яна Легкодимованың өліміне қатысты жаңа деректер жарияланды

Новости партнеров