Мас күйінде рөлге отырған БҚО тұрғыны өмір бойына көлік басқара алмайды

16.05.2025 09:20

Оған қоса бір жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілді

Gabe Pierce/unsplash.com/

Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері мас күйінде автокөлік айдаған 39 тұрғын қылмыстық жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, осы орайда Сырым аудандық соты ҚР ҚК 346-бабы 1-бөлігіне (көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік мас күйдегі адамның автокөлік айдауы) сәйкес қылмыстық іске нүкте қойды.

Бұған дейін сотталушы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 1-бөлігіне сәйкес 15 тәулікке қамаққа алынып, 7 жыл мерзімге, яғни 2030 жылғы 11 сәуірге дейін көлік құралын басқару құқығынан айырылған. Соған қарамастан, одан тиісті қорытынды шығармай, мас күйінде көлік айдап, қылмыстық құқық бұзушылыққа барған.

"Сот мемлекеттік айыптаушының пікірін ескере отырып, аталған тұрғынды көлік құралын басқару құқығынан өмір бойына айырды. Оған қоса бір жыл бас бостандығынан айыру жазасын кесті", — деп хабарлады ведомстводан.

Оқи отырыңыз: Алматы облысында заңсыз айналымнан 100 келі мефедрон тәркіленді