Астана–Қорғалжын трассасында суды бұру үшін жер үйіндісі тұрғызылып жатыр

06.04.2026 10:55

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда жағдай бақылауда және халыққа төніп тұрған қауіп жоқ

МЧС РК

Республикалық маңызы бар Астана–Қорғалжын тас жолының бойында қар суын далалық аймаққа бағыттау мақсатында жол төсемінің деңгейін көтеру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл шара тасқын судың елді мекендерге жайылмауы үшін қолға алынды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Атқарылған жұмыстар мен дайындық деңгейі:

Төтенше жағдайлар министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар және ауыл тұрғындары бірлесе отырып, тәулік бойы жұмыс істеуде. Қазіргі таңда:

  • 800 метрге жуық жер үйіндісі (вал) тұрғызылды;

  • 50 мың тонна инертті материал пайдаланылды;

  • 5 мың дана құм салынған қап дайындалып, қажетті тұстарға қойылды.

Төтенше жағдайды бақылау және қауіпсіздік

Оқиға орнында Төтенше жағдайлар министрлігінің Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы мен Департамент басшылығы жұмысты үйлестіруде. Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда халыққа ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.

«Мамандандырылған техника мен ТЖМ және жергілікті атқарушы органдардың жеке құрамы кезекшілік ұйымдастырды. Су тасқынының алдын алу және автокөліктердің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр», – деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігі.

Жұмыстар толық аяқталғанша аталған учаскедегі жағдай ведомствоның жіті бақылауында болады.

Оқи отырыңыз: Қытайда иттер мен мысықтарға арналған арнайы телеарна ашылды