Аймақта 10 апатты, 6 үш ауысымды мектеп бар
Атырауда ата-аналар шу шығарды. Олардың айтуынша, 2 жыл бұрын апатты деп танылған мектеп әлі бұзылмаған. Ал оқушылар үш ауысыммен оқуға мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Балықшы ықшамауданындағы жалғыз орыс мектебінің қазығы 1980 жылдары қаланған. Білім ордасында 1000-нан аса бала оқиды. Алайда екі жыл бұрын жауаптылар «ғимаратты бұзамыз» деп, оқушыларды өзге білім беру ұйымдарына таратқан. Содан бері ұл-қыздар үш ауысымды тар мектептерде амалсыз оқып жатыр. Ата-аналардың айтуынша, сабақтың кеш басталуы балалардың оқу үлгеріміне де әсер еткен.
"Екі қызымды екі жаққа тасу қиын. Қосымша сабағы бар. Сабақ оқуға зауқы соқпайды. Амалсыз керек деп оқытамыз. Екі жылдан бері екі жақта оқып жатыр. Өте қиын. Сондықтан әкімдіктен жаңа мектеп салуын талап етеміз", – деді ата-ана Динара Батабиева.
"Екінші жыл болды. Балаларымыз жан-жақта оқып жүр. Еш жағдай жоқ. Үш мезгіл оқиды. Дене шынықтыру сабағы жазда болса, қыста өтпейді. Қыста үйге қайту қиын. Кешке қоғамдық көлік мүлдем болмайды. Жаяу келеді. Сағат 16:00-де сабақ басталады", – деді ата-ана Жансұлу Хасанова.
Аталған мәселеден облыстық білім басқармасы да хабардар.
"Жайлы мектеп" бағдарламасы аясында Водников селосында мектеп салынып жатыр. Қазан-қараша айларында ашу жоспарда бар. Ломоносов мектебіне барған балалардың барлығы сол мектепке көшіріледі", – деді облыстық Білім беру басқармасы басшысының орынбасары Тілекқабыл Байдошев.
Құрылысқа жауаптылар жаңа мектеп салынатынын, сәйкесінше, жобалық-сметалық құжаттаманың дайын екенін айтты. Алдағы екі жылда жаңа мектепті пайдалануға береміз.
"Ескі ғимарат сүріліп, жаңа мектеп салынады. Ол мектепке жобалық-сметалық құжаттама жасалып жатыр. Құжаттама сәуірде басталды. 2020 жылдың бірінші тоқсанында аяқталады. Ал 2026 жылы құрылысы аяқталады", – деді облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Талғат Бисен.
Айта кетейік, 2023 жылы Атырау облысы бойынша 7 мектеп салынса, биыл 2 мектеп қолданысқа берілген. Ал аймақта 10 апатты, 6 үш ауысымды мектеп бар.
Жұлдыз Қайратқызы, Фархат Тәжібаев, Атырау облысы
Оқи отырыңыз: БҚО-да анасын өлтірген адам 9 жылға сотталды