Медицина қызметкерлеріне күш көрсеткендер 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады

26.11.2025 20:28

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы 5 жылда ақ халаттыларға 280 рет қол жұмсау дерегі тіркелген

Медицина қызметкерлеріне күш көрсетіп, ұрып-соққандар 12 жылға дейін түрмеге қамалады. Мәжіліс депутаттары Қылмыстық кодекске тиісті бап енгізбек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мәжілісмендер медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушісін қорғау үшін Қылмыстық кодекске жаңа бап енбізбекші. Оған сай, енді ақ халаттыларға қол жұмсағандар 2 миллион мен 4 миллион теңге аралығында айыппұл арқалайды. Немесе 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа жегіліп, тіпті 3 жылға сотталып кетуі әбден мүмкін. Ал топ болып жабылса, 3 жылдан 7 жылға дейін жаза арқалайды. Егер медицина қызметкеріне зорлық-зомбылық жасап, өмірі мен денсаулығына қауіп төндірсе, 12 жылға темір торға қамалады. Депутат Снежанна Имашева айыппұлдың көлемімен келіспей отыр.

Оның айтуынша, құжатта 2 миллион деп төменгі шекті көрсетудің қажеті жоқ. Жазаны сот тағайындауы керек деген ол, құжатқа дауыс бермейтінін кесіп айтты.

«Қандай жаза тағайындау керек екенін сот шешсін. 4 миллионға дейін айыппұл сала ма, түрмеге қамай ма? Бұл – жағдайға байланысты шешілетін мәселе. Кейбіреулер үшін 200 мың теңге үлкен шығын болуы мүмкін. Президенттің идеясын толық қолдаймын. Бірақ құжаттың кей тұстарымен келіспеймін. Сондықтан бірінші оқылымда дауыс бермеймін, қалыс қаламын», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Снежанна Имашева.

Депутат Абзал Құспан медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушісін қорғау үшін Қылмыстық кодекске жаңа бап енгізуге қарсылық білдірді. Ол 2023 жылы Мемлекет басшысының құжатқа жиі өзгерістер енгізе бермей, қылмыстық заңнаманы тұрақтандыру туралы тапсырмасын еске салды. Сөзінше, ақ халаттыларды қорғау үшін  қолданыстағы баптарды күшейту керек. Кемі жаңа 380/ 3-баптағы «қауіпті» деген тіркесті алып тастамасақ, ертеңгі күні дәрігер мен пациент арасындағы кішігірім келіспеушілік қылмысқа айналып кетеді дейді. Сондықтан, ол құжаттың бұл редакциясын қолдамайтынын жеткізді.

 «Медицина қызметкерлері қорғансыз қалды дегеніңіз шындыққа жанаспайды. Қылмыстық кодексте 104, 106, 107-баптар бар ғой.  Адам өлтіруге қатысты 115- бап бар. Адамға қандай да бір зиян келтірген немесе оған зиян келтіруге әрекеттенген кез келген адам, оның ішінде медицина қызметкерлеріне қол жұмсағандар ешқашан жазасыз қалмайды. Керісінше мен айтқан баптарды күшейту керек. Ішіне медицина қызметкерлерін қосып қойыңыздар», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Абзал Құспан

Төменгі палата құжатты бірінші оқылымда қызу талқылады. Әсіресе, заңгер депутаттар келіспейтін тұстары барын ашық жеткізді. Дауыс беру кезінде отырысқа қатысқан 90 мәжілісменнің 72-сі жақтаса, 18-і қалыс қалды. Алда бірнеше жұмыс тобының отырысы мен екінші оқылым бар.

Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Астана

Оқи отырыңыз: Аудан әкімдерін сайлау мәселесін әлі де зерделеу қажет – Мәжіліс депутаттары